Ақтөбеде пневмониямен ауырғандар саны азайып келеді

604

Бұл жөнінде Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің қатысуымен өткен аймақтағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды талқылау жиынында айтылды.  

Ақтөбеде пневмониямен ауырғандар саны азайып келеді

Белгілі болғандай, шілде айынан бастап провизорлық стационарларға пневмония диагнозымен түскендердің азайғаны тіркелген. Атап айтқанда, тек соңғы тәулікте емдеу мекемелеріне 71 адам түсіп, 116 адам емделіп шыққан.

"Стационарлардағы кереует орындары 50 пайызға көбейді. Шілде айында медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жүргізілді. Төрт жүзге жуық оттегі баллондарын сатып алдық, екі жүз оттегі концентратын сатып алу үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр. Өкпені жасанды желдететін 184 аппарат, провизорда 98 аппаратымыз бар, олардың санын көбейту жағын шешіп жатырмыз", – деп есеп берді облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов.

Бұдан бөлек, "СК Фармация" мекемесінің дәрі-дәрмек қорын толықтырғаны айтылды, препараттар пульмонологиялық бөлімдерге таратылып, алты мекеме мен емханалар жанындағы күндізгі стационарларға берілген. Ал облыс әкімдігі мен Орынбор қаласындағы облыстық дәріхана қоймасымен арадағы келісім аясында 22 дәрілік препарат жеткізілмек екен. Дәрі-дәрмек бағасының негізсіз көтерілмеуін екі жүзге жуық мониторинг тобы бақылауда ұстап отыр. Осыған дейін мониторингтік топтардың мүшелері 7800 нысанды тексеріп, 1438 ұйғарым берген. Төрт дәріхана бойынша заң бұзушылық дерегі анықталып, тексерілуде.

"Халықпен кері байланыс болу керек. Ақтөбеліктерді қай дәріханаларға дәрі түсіп жатқандығы, стационарлардың қажет препараттармен қаншалықты қамтылғаны, карантин тәртібінің бұзылғандығы туралы хабардар етіп отыру керек. Тұрғындар біз жүргізіп жатқан жұмыстарды біліп, адам көп жиналатын шараларды өткізудің салдары қандай болатынын көрулері тиіс",  деп нақтылады Оңдасын Оразалин.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу