Ақтөбелік кәсіпкерлер "Еңбек" бағдарламасы арқылы 10 млрд теңге алды

1137

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 2017 жылдан бері "Еңбек" бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерге несие берумен айналысып келеді.   

Ақтөбелік кәсіпкерлер "Еңбек" бағдарламасы арқылы 10 млрд теңге алды

Биыл ақтөбелік кәсіпкерлерге несие беру үшін 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр, деп хабарлайды "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының" баспасөз қызметі.

Осы жылдар ішінде Ақтөбе облысындағы кәсіпкерлерге жалпы сомасы 10 млрд теңге болатын үш мың несие беріліп, төрт мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.

"Еңбек" бағдарламасының аясында мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын, кәсіпкерлік қызметті дамытуға, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен сақтауға бағытталған несие өнімдерімізді ұсынамыз. Жылдық сыйақы мөлшері 6%, тиімді жылдық сыйақы мөлшері 6,7%-тен аспайды. Несие сомасы қызметтің бағытына қарай 4 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейінгі аралықта болады. Несиенің берілетін мерзімі де жобаға байланысты 6,5 жылға дейін созылады", дейді "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ Ақтөбе филиалының директоры Гүлжанат Ерғазина.

Бағдарлама шағын қожалықтар мен фермерлік шаруашылықтарды және жеке кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Көп балалы отбасылар мен аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан азаматтарға несие 4 процентпен беріледі.

 "Орташа есептегенде филиал жылына мыңнан астам несие береді. Оның шамамен 60%-ті стартап-жобаларды қаржыландыруға бағытталады. Яғни, қарастырылған қаржының негізгі бөлігі жаңа жұмыс орындары мен жаңа шағын бизнес нысандарын ашуға жұмсалады. Берілген несиелерге жасалған талдауларға сәйкес, ауылдардағы мал шаруашылығымен айналысатындардың үлесі басым болады екен", – дейді Гүлжанат Ерғазина.

"Еңбек" бағдарламасының тиімділігіне көз жеткізгендердің бірі "Бекболат" шаруа қожалығының басшысы Мұсабек Сұлтанов. Ол шағын бизнеске жаңадан келген адам емес. Ол 1997-жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келеді. Әйтеке би ауданына қарасты Жабасақ ауылында тұратын фермер бірнеше рет несие рәсімдеген.

2016 жылы ол алғаш рет Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Ақтөбе филиалына барып, мал бордақылау үшін "Жұмыспен қамту жол картасы 2020" бағдарламасы бойынша 2 млн теңге несие алды. Ол кезде шаруашылықта 16 бас қана ірі қара бар еді.

"Несие ірі қара мал сатып алуға өте тиімді шарттармен берілді.  Бұл қаржы малымның басын арттыруға үлкен көмек болды. Қазір шаруашылығымда 110 бас сиыр бар. Біздің негізгі қызметіміз ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру, дайындау, қайта өңдеу, мал шаруашылығы өнімдерін сату. Былтыр бұрынғы алған несиелерді уақытынан бұрын қайтарып, биыл Қорға техника алу үшін 6 млн теңге несие рәсімдедім. Оған өз қаржымды қосып жаңа трактор сатып алдым. Қорда жылдам әрі сауатты, жақсы мамандар жұмыс істейді. Енді жарты жылда бір 700 мың теңге төлеп тұрамын. Осы сәуір айында алғашқы төлемді жасап қойдым, келесі төлемнің уақыты қазан айында келеді. Шаруашылықтың жұмысы жақсы жүріп жатыр. Мына алған несиені де уақытынан бұрын қайтарып тастайтын шығармын", –  дейді Мұсабек Қайырбекұлы.

Қожалық басшысының тағы да бірқатар жоспары бар. Енді мал азығын дайындайтын техникаларды сатып алмақ. Атап айтқанда, шөп шабатын және оны престейтін ауыл шаруашылығы техникаларын түгендемек. Сондай-ақ, болашақта жылқы мен қой өсіруді қолға алып, шаруашылығының бағытын кеңейтпек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу