Ақтөбеліктер үйін су басқан тұрғындарға көмек беруде

733

"Анаға тағзым" орталығы үзіліссіз жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ақтөбеліктер үйін су басқан тұрғындарға көмек беруде Фото: Алтынай Сағындықова

Ақтөбедегі жылу жинау бекетіне тұрғындар қолда бар заты мен жаңа тауарлар тасып жатыр. Қалада екі бекет болса, оның бірі "Анаға тағзым" орталығында орналасқан.

Мұнда мұғалімдер мен студенттер, еріктілер қолғабыс етіп жүр. Олардың міндеті - әкелінген тауарды тіркеп, іріктеп, сұрыптау.

 "Жылу жинау бейсенбі күні басталды. Әлеуметтік желіден хабар естіген еріктілер алдымен жетті. Сонымен бірге балабақша, мектеп ұжымдары, ата-аналар жинап, заттарды әкеліп жатыр. ЖШС, жеке кәсіпкерлік иелері де келді. Алғашында бізге төсек-орын керек болған. Сұранысқа сай бәрі жеткізілді. Нақты қажет заттардың тізімі де шықты. Шаруашылық бұйымдары мен гигиеналық заттар жеткізілді. Тек тез бұзылатын заттар керек емес. Жұма күні аяқ киім, іш киім сұратты. Оны да айтып, көмек көрсетуге ниетті адамдарға құлаққағыс етіп жатырмыз. Әкеліп жатқан да, тасып жатқан да еріктілер. Мұғалімдер де бар", - деді Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының әлеуметтік сала бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрсәуле Жылқыбаева.

Оның айтуынша, жаңа киім ғана сұраныста бар. Адамдар ескі дүниенің де тәуірі болғанын қалайды.

"Кеше 7-8 сағат жұмыс істедім. Бүгін тағы келіп тұрмын. Біздің міндетіміз - әкелінген заттарды сұрыптап, сұранысқа сай тауып беру. Өзім бірінші курс студентімін, қоғамдық жұмыстарға араласу дұрыс деп ойлаймын", - деді студент Жанат Күмісбек.

Айта кетейік, еріктілер арасында қарапайым тұрғындар да бар. Олар адамдардан тізім алып, қабылдау орнынан келіп, алып кетеді.

"Мен № 71, 5 мектептерден сұраныстарды жазып алып, кейін қабылдау орнынан алып кетеміз. Қазір әйелдер дезодорант, іш киім сұратты. Балаларға жағатын крем, сеппе керек. Ойыншық та, жаялық та сұрады. Адамдардың көңіл-күйі жақсы, тамақ, киімдер үшін алғыс айтты. Бір-екі үйге тамақ та тасып, фотоесеп беріп жүрмін. Өзімнің үйімнің жанына су келіп қалды, бірақ аманбыз. Балаларымның сыныптастарының ата-анасына көмек керек болған соң шыдай алмай, кірісіп кеттім", — деді ерікті, қала тұрғыны Эльнұр Божыбаева.

Алдын ала мәлімет бойынша қалада 200-ден астам үйге су кірген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу