Алексей Навальный 2018 жылы президент сайлауына түспекші. Бұл туралы ол жақтастарына жолдаған хатында мәлім етті. Бұл туралы ақпарат саясаткердің сайтында да жарияланды, деп жазады РБК.
"2018 жыл бағдарламалар мен идеялардың қақтығысы, адамды ғана емес, сондай-ақ ел дамуының жолын таңдау жылы болғанын қалаймын. Менде Путин мен Кремль ұсынып отырған бағдарламадан да күштісі бар. Мен әр затты өз атымен атауға, тек "жүйені" емес, сондай-ақ нақты адамдарды жайып салуға қорықпаймын", – деп атап өтті Алексей Навальный.
Навальный өзінің сайлауалды бағдарламасында Ресейдегі әлеуметтік теңсіздікке күрес ашпақшы. Оның ұсынған шараларының қатарында "үлкен көлемдегі кірістерге жоғары салық, мемлекеттік корпорациялардың жұмысында ашықтықты арттыру, шағын бизнес пен өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған ресейліктерге салықты төмендету" бар.
Оппозиционер жемқорлықты жеңе алатынына сенімді: "Жемқорлықпен күрес қорының көп жылғы тәжірибесі жемқорлықты жеңу үшін табанды әрі тиімді шаралар бағдарламасын әзірлеуге мүмкіндік береді. Бұл бағдарлама нақты, пысықталған заң жобалары түрінде жасалады".