Мемлекет басшысының айтуынша, су қауіпсіздігі Қазақстанның орнықты дамуына әсер ететін негізгі мәселеге айналды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Біз осы себепті су дипломатиясын күшейтуді қолға алуымыз керек. Аталған аса маңызды іске кадрларды даярлап, іріктеуіміз қажет. Ең алдымен, трансшекаралық өзендер бассейніндегі суды тиімді пайдалану жүйесін жолға қою үшін көршілес мемлекеттермен ықпалдастыққа мән берген жөн. Қазақстан су ресурстарын рационалды, әділ әрі тең құқылы негізде пайдалану қажет деген ұстанымды жақтайды. Сондай-ақ су қауіпсіздігі мен тұтас аймақтың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында өзара міндеттемелерді сақтаған дұрыс. Көршілес елдермен конструктивті диалог және тараптардың мүддесіне сай ынтымақтастық жалғасады деп үміттенеміз. Қазақстан Орталық Азия елдерінің су-энергетика консорциумын құру бастамасын дәйекті түрде ілгерілетіп келеді. Өңір елдерімен тығыз ықпалдастықтың арқасында былтыр диқандарымызға қажетті су толық жеткізілді. Биыл да осындай жұмыс атқарылуға тиіс. Әлемде суға сұраныс деңгейі 2040 жылға қарай 40 пайызға артуы мүмкін. Мұндай жағдайда бүкіл халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіру маңызды. Сондықтан Қазақстан су дағдарысын еңсеруді көздейтін көпжақты бастамаларға белсенді қатысады. Былтыр Сауд Арабиясында өткен арнаулы саммитте су проблематикасын шешудің негізгі тәсілдерімен бөлістім. Келесі жылы елімізде БҰҰ аясындағы Өңірлік экология саммитін өткізу жоспарланып отыр. Осы тектес қадамдар еліміздің су қауіпсіздігін нығайтуға септігін тигізеді, – деді Мемлекет басшысы.
Президент сөзін қорытындылай келе, су ресурстарын дамытуға үлес қосып келе жатқан сала қызметкерлеріне алғыс айтты.
– Су экономикаға, экологияға, халықтың денсаулығына, жалпы, барлық салаға ерекше ықпал етеді. Сондықтан судың таза әрі қолжетімді болуы өте маңызды. Елімізде Кіші Аралды құтқару үшін жылдар бойы ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Соның арқасында қашқан теңіз қайта оралып, айдыны суға толып жатыр. Каспий теңізін, Балқаш көлін, басқа да су көздерін сақтап қалу үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Су, дұрыс пайдалана білсең – құт, ысырап етсең – жұт. Былтыр Қазақстанның бірнеше аймағы қарғын судан қатты зардап шекті. Мұндай жойқын табиғи апат елімізде бұрын-соңды болмаған. Күрделі кезеңде сіздер қайсарлық пен кәсібиліктің озық үлгісін көрсеттіңіздер. Әр қызметкер күні-түні еңбек етіп, апат салдарын жоюға белсене атсалысты. Мен баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.