Әлеуметтік салаға бағытталған бюджет шығыны артып жатыр

1021

Бұған қарамастан депутаттар елімізде ана капиталын енгізуді ұсынып отыр.

Әлеуметтік салаға бағытталған бюджет шығыны артып жатыр

Жыл басынан бері әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға бағытталған мемлекеттік бюджет шығыны 11%-ға өскен, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі finprom.kz-ке сілтеме жасап.

2021 жылдың қаңтарында әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға бағытталған мемлекеттік бюджет шығындары – 334,8 млрд теңге. Бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 11,1%-ға артық.

Қазақстан бойынша барлық шығынның сегменттегі үлесі – 27,8%. Бұл көрсеткіш өткен жылы 29,5% болған еді.

2020 жылдың қаңтар–желтоқсанында мемлекеттік бюджеттен әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамтамасыздандыруға 3,8 трлн теңге бөлінген (бір жылда плюс 9%).

Өткен жылдың қаңтар-желтоқсанында секвестрленбейтін (қысқартуға жатпайтын) бағдарламаларға республикалық бюджеттен 4,2 трлн теңге бөлінген. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 6,4%-ға артық. 

Ал әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға 3,1 трлн теңге жұмсалған (бір жылда плюс 9,3%). Оның ішінде баланың туғанына байланысты берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақыға 52,3 млрд теңге, бір жасқа дейінгі бала күтімі үшін берілетін жәрдемақыға 31,7 млрд теңге, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар мен қамқоршыларға берілетін жәрдемақыға 49,6 млрд теңге, көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақыға 49,1 млрд теңге бөлінген.

2021 жылы Қазақстанда 425,6 мың сәби дүниеге келген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 5,6%-ға артық. Әрбір дүниеге келген сәбиге республикалық бюджеттен айына (бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша) 6,2 мың теңгеден келеді. 2019 жылы бұл көрсеткіш шамамен 7,2 мың теңге болған. 

Сонымен қатар бірнеше жыл бойы елімізде ана капиталын енгізу мәселесі көтеріліп келеді. Жақында депутаттар әрбір бала үшін 4,2 миллион теңге көлемінде ана капиталы енгізуді ұсынған еді. 

Мәжіліс депутаты Ерлан Смайловтың айтуынша, қазақстандық балалардың 15,6%-ы табысы өте төмен отбасыларда өсіп жатыр. Бұл елімізде 1 млн-ға жуық бала кедей өмір сүріп жатқанын көрсетеді.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу