Алматы іргесіндегі елді-мекендердің тұрғындары газ қысымының аздығына алаңдаулы

647

Алматы іргесіндегі ауылдардың тұрғындары газ қысымының аздығына алаңдаулы. 

Алматы іргесіндегі елді-мекендердің тұрғындары газ қысымының аздығына алаңдаулы

Қыс түспей, көгілдір отынның қарқыны болмаса, қақаған аязда қайтпекпіз дейді ауыл тұрғындары. Солтүстіктегі жағдай қайталанбай ма деген қауіп те бар. 

Бұл Алматының іргесінде Жамбыл ауданына қарасты Мыңбаев ауылы. Елді-мекенде соңғы жылдары жаңа үйлер жарыса салынып, халықтың саны   күн санап өсуде. Сондықтан, әр тұрғын үшін газ мәселесі өзекті. Алайда, қарашаның соңындағы сарышұнақ аязда газдың қарқыны түсіп, 100 шақты үй 2 тәулік бойы салқын үйде отыруға мәжбүр болған. Көгілдір отынның сығырайған көзіне қарап қалдық дейді ауылдастар.

"29 күні газдың давлениесі аз болды. Газ сығырайып, үйде температура төмен болды. Мына көршілерде жоқ бопты. Менде болды. Ол рас. Бірақ аз болды. Үй салқындады. Тоңдық", дейді Сұлтанбай Мыңбаев ауылының тұрғыны Бейбіт.

Өңірдің газ мәселесіне жауапты мекемесінен жағдайға қатысты пікір беруін сұрадық. Айтуларынша, газ құбырларында жиналатын конденсаттың кесірінен кейбір жерлер бітеліп, көгілдір отынның жылжу жылдамдығы бәсеңдеген. Ауылдағы бірнеше көшедегі жылудың азаюын жауаптылар осылай түсіндірді.     

"Газдың трубасында конденсат жиналған, сомен газ өтуі қиын болған. Сомен газ трубаларын түгел ашып, продувать еткізіп, ремонт жұмыстарын жасадық. Қазір ауыл тынышталды", дейді "Тәуекел-Газ құбыры" ЖШС директоры Қазбек Ғабиден.

Қазір елді-мекендерге көгілдір отын толығымен берілген. Десе де, бұл Алматының іргесінде газ мәселесі туындаған жалғыз ауыл емес. Кеше Панфилов, Гүлдала және Тұздыбастау ауылдарында көгілдір отын бір мезетте өшіп, мыңдаған үй газсыз қалған. Кейін белгілі болғандай, бұған шіріген ағаштың құлауы себеп болыпты. Өңірдегі газға қатысты  проблеманың жиілеуі тұрғындарды "солтүстіктегі жағдайдың қайталануы мүмкін бе" деп алаңдатып отыр. Ал, жауапты мекеме барлық құбыр тексеріліп, пысықталғанын айтып, газдың берілуі енді тоқтамайды деп сендірді. 

Айта кетейік, Алматының іргесіндегі 1 млн адам газ тұтынады. Тағы 30 шақты елді-мекенге газ тарту бойынша келіссөздер жүріп жатыр.   

Жәния Әбдібек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу