Алматы облысында "Көкөзек" қосалқы станциясы ашылды

515

Бұл – өңір экономикасын дамыту үшін аса маңызды энергетикалық нысан.

Алматы облысында "Көкөзек" қосалқы станциясы ашылды Фото: alataunews.kz

Өйткені, электр энергиясы жетіспегендіктен инвесторлар да келуге тартыншақтайтын. Енді қуаты мықты автоматтандырылған станса Қарасай ауданындағы индустриалдық аймақ, қос мектеп пен елдімекенді жарықпен қамтиды. Жобаның құны қанша? Стансаның Алматы облысы үшін маңызы қандай?

Алматы облысы инвесторлар үшін тартымды өңір. Бірақ жарықтың тапшылығы қомақты қаржы құйғысы келетіндерді ойландыратыны рас. Тіпті облыстағы бірқатар зауыт кеңеюге де дайын тұр. Оған қоса, елді мекен халқы күннен күнге артып келеді. Тұрақты электр қуаты индустриалдық аймақ үшін де, дүйім ел үшін де аса қажет. Ал бүгін ашылған "Көкөзек" стансасы Қарасай, Іле және Жамбыл ауданының шаруашылықтары үшін көптен күткен жаңалық. Өйткені, қосымша қуаттарды берудің шектеулі мүмкіндігі өңірдің өнеркәсіптік әлеуетінің дамуын тежеді.

"Жалпы сұраныс көп бүгінге күнге. Бізде осы жерден алыс емес жерде Қазыбек биде индустриалдық аймақ құрғанбыз. Бірақ оның жер көлемі үлкен. Бірақ бүгінге күнге электр қуаты жетіспейді. Оны егер қамтамасыз етсек, ол жерде 200-300 мегабатқа келетін инвесторлар бар. Алдымызға мақсат қойып тұрмыз. Егер инфрақұрылымды дұрыстасақ, Алматы облысында өндіріс тез дамиды деп тұрмыз", - дейді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

"Көкөзек" қосалқы стансасының құны  2,73 млрд теңге. Жобаның құрылысы "Алатау жарық компаниясы" АҚ және "Самұрық-Энерго" АҚ электр энергетикалық холдингінің құрылымындағы компанияның қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Ал салынған энергетикалық нысанда әлемдік жетекші өндірушілердің жоғары вольтты жабдықтары орнатылған.

"Өңір үшін өте маңызды қосалқы станса 346 шағын және орта бизнес, тұрғын үй секторындағы 1362 тұтынушыны сенімді әрі тұрақты электрмен жабдықтайды. Оған қоса, бүгінде Көкөзек және Елтай ауылдарында 1500 балаға арналған қос мектепті жарықпен қамтиды. Демек, жоба тек өндіріс пен бизнесті ғана емес, әлеуметтік нысандар үшін де аса қажет", - дейді "Самұрық-Энерго" АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов.  

Компания сарапшыларының айтуынша, елдегі энергожүйені дамыту қарқынды жүріп жатыр. Яғни, осы жобаларды жүзеге асыру арқылы желілердің өткізу қабілетін арттыруға, электр энергиясын беру кезіндегі техникалық шығындарды азайтуға, сондай-ақ жаңа тұтынушылардың қосылуын қамтамасыз етуге және желідегі кернеу сапасын арттыруға мүмкіндік туады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу