Полиция болған оқиғаны растады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Нұрлан Байғазиев Таразға қызметтік сапармен келген. Заңгер ретінде клиенттерімен кездесу өткізген. Сол сәтте оған шабуыл жасалған. Болжам бойынша, ер адам кастетпен ұрып жіберген.
Оқиға 13 мамыр күні кешке Тараз қаласындағы дәмханалардың бірінде болған. Депутат бетінен соққы алып, ауруханаға жеткізілгенімен, жатып емделуден бас тартқан.
– Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 1-бөлігі – "Бұзақылық" бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Оқиғаға қатысы бар адам анықталып, полицияға жеткізілді. Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – деп мәлімдеді құқық қорғау органдары.
Айта кетейік, 28 сәуірде Нұрлан Байғазиев Алматы облысында ювеналды полиция қызметкерлері 17 жастағы қызды тоқтатып, қызметтік көлікпен серуендеуді ұсынғанын видеоға түсірген еді. Ол видео арқылы полицейлер тарапынан заң бұзушылықтар болғанын көрсетті. Қызметтік тексерістен кейін кінәлі полицейлер жұмыстан босатылды.