"Аңсаған сәби" бағдарламасы бойынша 144 қызмет көрсетілген

475

Бағдарлама аясында бір адамға МӘМС есебінен орта есеппен 1 миллион теңге бөлінеді.

"Аңсаған сәби" бағдарламасы бойынша 144 қызмет көрсетілген Фото: gov.kz

Жамбыл өңірінде бүгінге дейін 163 миллион теңгеден аса қаржы жұмсалып, 144 қызмет көрсетілген.

Репродуктологтардың сөзіне сүйенсек, бір адамға бөлінетін 1 миллион теңгенің 600 мыңы стимуляциялауға арналған гормондық препараттарға жұмсалады екен. 

Ал шығын материалдарын жабуға кететіні – 200-300 мың теңге. Жалпы құны 1 миллион теңгеден асып жығылатын мұндай процедураға тұрғындардың жиған-тергені жете бермейді. Себебі, ЭКҰ әдісіне бірнеше мәрте жүгініп барып сәбилі болатындар бар. 

Қазір бұған жұмсалатын шығын "Аңсаған сәби" бағдарламасы шеңберінде МӘМС қоры есебінен төленеді.

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" коммерциялық емес акционерлік қоғамның Жамбыл облысы бойынша директоры Ләззат Әлімованың айтуынша, былтыр өңірде 263 экстракорпоральді ұрықтандыруға 270 миллион теңгеден аса қаражат бөлінген.

Биыл 6 айда еліміз бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бағдарлама аясында 5 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлген. Оған 4 мыңнан астам экстракорпоральді ұрықтандыру әдісі жасалған.

"Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы бір адамға бөлетін қаржыны жылына бір рет қана қолдана алады. Экстракорпоральді ұрықтандыру процедурасынан жылына бір рет тегін өтуге мүмкіндік бар. Сәтсіз аяқталған жағдайда қайтадан кезекке тұруы тиіс. Процедураларды жүргізудің қағидалары мен шарттарына сай белгілеген репродуктивті жас –  18 бен 42 жас аралығы. Ол медициналық параметрлерге сәйкес келуі қажет", - дейді Л.Әлімова.

Статистикаға сүйенсек, "Аңсаған сәби" бағдарламасы іске қосылғалы бері республикада 20 мың әйел жасанды ұрықтандыру қызметін алған. Ал Денсаулық сақтау министрлігі елімізде 15 мың ерлі-зайыпты бедеулік диагнозымен есепте тұрғанын мәлімдеген болатын.

"Бағдарлама аясында квоталар Астана, Алматы және Шымкент қалаларына көбірек бөлінеді. Бір айта кететіні, квота алғысы келетін пациенттің мәртебесі сақтандырылған болуы тиіс. Одан кейін репродуктологтың жолдамасы керек. Оны тұрғындар тіркелген емханасынан алады. Барлық талаптар орындалған соң пациент клиниканы өзі таңдайды", – деп түсіндірді маман.

Айта кету керек, елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында экстракорпоральді ұрықтандыру жасайтын жалпы 19 клиника бар.  Оның біреуі  мемлекеттік, қалған 18-і жеке меншікте.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу