Апта қорытындысы: коронавирус мұнай бағасын құлдыратып жіберді

1019

Brent сұрыпты мұнай баррелінің құны 32 доллардан түсіп кетті. Бұл 2016 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш.  

Апта қорытындысы: коронавирус мұнай бағасын құлдыратып жіберді

Соңғы айларда әлемдік экономика қиын жағдайды бастан кешіруде. 2020 жылдың басынан бері шикі мұнай бағасы біртіндеп төмендеп барады. Бұған COVID-19 деп аталатын жаңа коронавирус пандемиясы түрткі болып отыр. Індеттен әлемдік экономикаға келген шығын көлемі шамамен 2 трлн долларға жетуі мүмкін. Бұл туралы finprom.kz басылымы хабарлады. 

Венада өткен ОПЕК+ елдері министрлерінің келіссөздері нәтижелі болмады: Сауд Арабиясы мен Ресей шикізат бағасына қатысты ортақ мәмілеге келе алмады. Салдарынан 9 наурызда Brent сұрыпты мұнай құны 24,1%-ға қысқарып, 34,36 доллар болды. Ал WTI баррелі 24,6%-ға арзандап, 31,13 долларға дейін түсіп кетті. 

"Қара алтын" құнының төмендеуі, доллар және еуро бағамдарының құбылуы халықаралық биржалардағы көрсеткіштерге кері әсерін тигізді. Мысалы,9 наурызда еуропалық биржалар құлдырай түсті. Лондондағы FTSE 100 индексі 7,7%-ын, Германияның DAX индексі 7,9%-ын, Францияның CAC 40 индексі 8,4%-ын жоғалтты. Dow Jones индексі 2352,60 пунктін (-9,99%), S&P 500 260,74 пунктін (-9,51%), Nasdaq 750,25 пунктін (-9,43%) жоғалтты.

Бағалар тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін ҚР Ұлттық банкі негізгі пайыздық мөлшерлемені 12%-ға дейін көтерді. Қаржы реттеушісі валюта нарығындағы құбылмалылықты болдырмау және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында тиісті валюталық интервенция жасайтын болады. Бұл шаралар инфляцияның жылдамдығын тежеп, ұлттық валюта бағамының құбылмалылығын болдырмауға бағытталады. Мұнай бағасы арзандаған күні еліміздегі айырбастау пункттері осы жағдайды пайдалана бастаған еді. Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы кей айырбастау пункттерінде 1 доллар құны тіпті 400 теңгеден асып кетті. Ал 11 наурызда доллардың нарықтық бағамы 393,6 теңге болған еді. 

Валюта нарығындағы бұл жағдайды еңсеру үшін Қазақстанның қауқары жетеді. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтың айтуынша, Қазақстан экономикасы мұнай бағасының бұдан да арзандауына төтеп бере алады екен. 
Алдағы уақытта ҚР үкіметінің бюджеттік саясаты әлеуметтік міндеттемелерді орындауға бағытталады. Кейбір бюджеттік  шығындар қысқартылады. Жалпы, үкімет пен Ұлттық Банктің қазіргі экономикалық ахуалдың салдарымен күрес жүргізуде және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуде мүмкіндігі жетерлік.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу