Бүгін Молдова Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Михай Попшой Астанаға ресми сапармен келді. Бұл – Молдова сыртқы саяси ведомствосы басшысының Қазақстанға алғашқы сапары.
– Кишиневтің елордамызда елшілік ашу туралы тарихи шешімін жоғары бағалаймыз. Бұл қадам Молдованың Қазақстан мен Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығын тереңдетуге бағытталған. Бүгінде ел президенттері арасында тұрақты және конструктивті саяси диалог орнаған. Біз Молдоваға сенімді серіктес ретінде қарап, ұзақ мерзімді ықпалдастықты нығайтуға мүдделіміз, – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу БАҚ-қа берген мәлімдемесінде.
Кездесуде екіжақты ынтымақтастық, мемлекет басшыларының өзара сапарларын ұйымдастыру, сондай-ақ былтыр Бакуде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру жолдары талқыланды. Министрлер жоғары деңгейдегі алдағы кездесулерге мазмұнды күн тәртібін әзірлеу үшін тығыз байланыста болуға келісті.
– Қазақстан Молдова үшін Орталық Азия мен Қытай нарықтарына шығатын стратегиялық қақпа бола алады. Осы орайда, әріптесімді Транскаспий халықаралық көлік дәлізін белсенді пайдалануға шақырдым. Қазақстан тарапынан Молдоваға локомотивтер, вагондар, рельстер және өзге де теміржол техникасын жеткізу көлемін арттыруға дайынбыз. Джурджулешті, Құрық пен Ақтау порттары Орта дәліздегі маңызды логистикалық тораптарға айналуы мүмкін, – деді Мұрат Нұртілеу.
Сапар аясында сауда-экономикалық байланыстарға да ерекше назар аударылды. 2023 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 75 пайызға өсіп, 66 миллион АҚШ долларына жеткен. Осы серпінді сақтау үшін Үкіметаралық комиссияның келесі отырысын және Қазақстан–Молдова іскерлік кеңесінің алғашқы отырысын өткізу жоспарланып отыр.
Тараптар инвестиция, логистика, энергетика, жаңа технологиялар және ауыл шаруашылығы салаларында нақты жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Қазірдің өзінде Молдовада қазақстандық "Ромпетрол" мен "Теміржол Жөндеу" компаниялары, ал Қазақстанда молдовалық "JLC Сүт" кәсіпорны табысты жұмыс істеп жатыр.
– Молдова мен Қазақстан кәсіпкерлері арасында кездесулер мен бизнес-форумдар өткізуге келістік. Бұл байланыстар жаңа жобаларды анықтауға сеп болады. Астанада өтетін Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Бірлескен комиссияның отырысы екіжақты серіктестікті тереңдетуге мүмкіндік береді. Сауда, ауыл шаруашылығы, энергетика, жаңа технологиялар, мәдениет және білім беру – басым бағыттардың бірі. Сонымен қатар, инвестицияларды қорғау және қосарлы салық салуды болдырмау туралы келісімдер әзірленіп жатыр, – деді Молдова Сыртқы істер министрі Михай Попшой.
Кездесу барысында екі елдің халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастығы да сөз болды. Қазақстан мен Молдова – бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдайтын, БҰҰ Жарғысының қағидаттарын ұстанатын елдер. Молдова БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған Өңірлік орталығын құру туралы қарарының тең авторы болып табылады. Қазақстан болса, Молдованың 2027–2029 жылдары БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңеске мүшелікке сайлану ниетін қолдауға дайын екенін білдірді.