Атырау ірі су тасқынына дайындалып жатыр. Төтенше жағдай жарияланады

287

Бұл туралы аталған облысқа жұмыс сапарымен келген Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді,  деп жазады inbusiness.kz сайты.

Атырау ірі су тасқынына дайындалып жатыр. Төтенше жағдай жарияланады Фото: primeminister.kz

"Бүгін Жылыой ауданы мен Құлсары қаласында болдым. Ондағы жағдай күрделі, дегенмен дүрбелең мен уайымға себеп жоқ. Өңірде су тасқынымен күресуге арналған барлық ресурс бар. Жағдайды тұрақтандыру үшін жергілікті атқарушы органдарға орта есеппен 3-4 күн қажет. Іс- қимылдың нақты жоспарын жасау, қажетті қаражат бөлу, қажетті техника мен адами ресурстарды тарту керек", - деді Қанат Бозымбаев Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың отырысында.

Бұған дейін Премьер-Министрдің орынбасары Атырау облысының әкімімен бірге Құлсары қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аумақты тікұшақпен аралады. Қанат Бозымбаев Жем өзенінің жай-күйін бағалады, сондай-ақ өңір басшылығына су тасқынына қарсы күрес бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

"Мен Қазақстан темір жолы АҚ басшылығын шақырдым, өйткені кейбір жерлерде ағын суды жіберу үшін теміржол өткелдерін бөлшектеу қажет. Бүгінгі таңда Ириклинсей су қоймасынан ағызу 2 500 м3/с құрайды, алда ол 4-4, 5 мың м3/с дейін жетуі мүмкін. Сондықтан бізде су тасқынына дайындалу үшін 20 күн бар. Төтенше жағдай режимін халықтың дүрбелеңге салу үшін емес, су тасқынына қарсы күрес бойынша нақты іс-қимыл үшін жариялаймыз", - дейді Қ.Бозымбаев.

Премьер-Министр орынбасарының айтуынша, өңірде суды Атырауға жіберместен ағызып, оны Каспий теңізіне апаратын өзендер мен көлдерге жіберу үшін бұру арналарын қазу қажет. 

"Қазіргі басты міндет - Атырау жағалауын барлық жағынан нығайту", - деп толықтырды Үкімет басшысының орынбасары. 

Еске сала кетейік, 4 сәуірде Жылыой ауданында төтенше жағдай режимі жарияланды, салдарынан 2 500 үй су астында қалды, елді мекендерден 15 000 адам қауіпсіз орындарға көшірілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу