Атырау облысында Мұрат Мөңкеұлы жырларындағы жер-су мекендері тексерілмек

4288

Ескі құдықтардан су табылуы ықтимал.

Атырау облысында Мұрат Мөңкеұлы жырларындағы жер-су мекендері тексерілмек

Атырау облысында соңғы жылдары Жайық қана емес, Ойыл, Жем өзендері де тартылып барады. Бұлай кете берсе, келешекте су тапшылығының зардабы тұрғындар мен төрт түлік малға қатты тиуі мүмкін. Проблеманы шешу мақсатында бұған дейін бірқатар шаралар қолға алынып, атқарылып жатыр. Атырау аймағына суды Ақтөбе облысына қарасты Көкжиде қоймасынан су тасымалдау жайы да талқыға салынған. Қазіргі күні тағы бір тосын ұсыныс айтылып, қарастырылып жатқаны белгілі болып отыр.

Бүгінгі Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Қарабау жерінде дүниеге келген ақын, жырау Мұрат Мөңкеұлы (1843-1906) кезінде өңірдегі жер-су атауларын өзінің шығармашылығына қосып жырлаған. Мәселен, оның бір ғана "Сарыарқа" деген толғауында "Базарбай, Қабыршақты, Кенен, Құрмас, Адыра, құдық еді суы сырлас" деген жолдар бар. Бұдан басқа да Төртқұдық, Тұзжағасы, Алдаберген, Жақсыбай шыңырауы, Балталы, Сегізбай, Қаратал, Есболайдың Нарқозысы, Тұзбұлақ атты құдықтардың атауы бар екен. Түсініктірек айтқанда, ақын сол дәуірдегі батыс өлкесіне қарасты көп жердің топонимдік картасын жасап кеткен десе болғандай. 

"Мұрат Мөңкеұлы шығармаларында Қызылқоға, Тайсойған, Сағыз бойында мыңғырған төрт түлік малды өсіруге қажетті мекен аттары мен көптеген су көздері құдықтары аттары берілген. Бүгінгідей су тапшылығын қатты сезініп отырған шақта аты аталған құдықтар тұрмыс-тіршілікке пайдаға асар еді. Осы құдықтар төңірегінде мол су көздері жатуы мүмкін ау. Сол тар кезеңдерде мал мен жанға тіршілік сыйлаған құдықтар орнын тапсақ бүгінгі дамыған техникамен мол суға кезігеміз бе деген ой мазалайды", - дейді облыстық фермерлер қауымдастығының төрағасы Мұрат Сарманов.

Оның айтуынша, бетін шөп-шалам басып қалған ескі құдықтар аталған аумақтан аз кездеспейді. Ал судың қат болуы қазірдің өзінде мал басын сақтап, көбейтуге кедергі, ауыл шаруашылығын дамытуға қолбайлау болып отыр. 

"Біздің мекемемізге Қызылқоға ауданындағы Мұрат Мөңкеұлы көрсетіп кеткен құдықтарда су қорының бар-жоғын анықтауға ұсыныс берілді. Алайда, ол кездегі көрсеткен жерлер қазіргі пайдаланылып жүрген картамен сәйкес келмейді. Сондықтан, алдымен арнайы экспедиция шығарып, олардың орналасқан жерін нақты анықтап алу керек, содан кейін су көздерін анықтап бере аламыз", - дейді "Атыраугидрогеология" ЖШС бас директоры Нұргүл Сабурова. 

Егер алда қылышын сүйреткен қыстың келе жатқанын ескерсек, бұдан бір ғасырдай уақыт бұрын көрсетілген жерлердің күн жылып, жер аяғы кеңігесін барып анықталатыны күмәнсіз. Бұл құдықтарды дәл тапқанда да олардың бәрінен бірдей су табылмауы мүмкін екенін бастамашы топ жақсы түсініп отыр. Себебі, жылдар өте бағытын, ағысын өзгертіп отыру – жерасты суына тән қасиет, бұған жыл сайынғы жауын-шашын мөлшері де әсер етіп отырады. 

Сондай-ақ, зерттеушілер Мұрат Мөңкеұлының "Үш қиян" деген толғауындағы Қалдығайты, Бұлдырты, Өлеңті, Шідерті, Аңқаты деген жер-су атауларының көршілес Батыс Қазақстан облысында кездесетінін айтады. 

"Егер атыраулық әріптестеріміз зерттеген жерлерінен су көздерін тауып жатса олар үшін қуанамыз. Біз де тапсырыстар бойынша жұмыс істеп, сұраныс түскен жерлердегі су көзін анықтаумен айналысамыз", - дейді "Жайықгидрогеология" ЖШС директоры Бисен Даумов. 

Білгеніміз, аймақтардағы су жағдайына зерттеу жүргізетін мекемелер мемлекеттік болып саналмайды. Олар, негізінен, жеке немесе заңды тұлғалардың өтінішіне сәйкес гидрогеологиялық зерттеулер жүргізуде. Мұндай кезде тапсырыс иесі маман, техника бөлген мекеменің шығындарын көтеріп алады. Ал Қазақстан бойынша кең ауқымдағы гидрогеологиялық карта кеңес үкіметінің тұсында жасалыпты. Бірақ, жоғарыда атап кеткендей, жерасты сулары жылдар өте өзгерістерге ұшырап отырады, демек, ол құжаттардың азды-көпті ескірген болуы әбден ықтимал. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу