Атырауда шырын мен квас өндіретін цех іске қосылды

931

Келесі жылы сыра мен сидр өндірісі жолға қойылмақ.

Атырауда шырын мен квас өндіретін цех іске қосылды

"Қалауын тапса қар жанар". Атырау облысындағы Сарайшық ауылында орналасқан "АтырауАгроӨнімдері" серіктестігі бұл сөздің растығын дәлелдеуден танған емес. Ешкі сүтінен түрлі сүт өнімдерін жасайтын мекеме алмасымен де танымал болатын, соңғы жылдары оған қоса лимон өсімдігін егіп, жергілікті климатта субтропиктік өнімдерді өсіруге болатынын көрсетті. Бақсақ, Атырауда бал шығаруға болады екен. Сайын даладағы жантақ, жыңғыл сияқты дала өсімдіктері аралар үшін таптырмайтын нәр көзі болып шықты.

Қазіргі күні кәсіпорын алма, лимон шырыны мен квас сусынын өндіретін цехты іске қосты. Онда тәулігіне 2 тонна алма, 1,5 тонна лимон шырыны мен 1,5 тонна квас сусыны өндіріледі. 

"Біз шығаратын алма шырынының 80 пайызы жемістен (фреш), 20 пайызы судан тұрады. Суды үш мәрте сүзгіден өткіземіз. Өнім қоспасыз болғандықтан бір күн тоңазытқышқа салынбай қалса ашып кетуі мүмкін, сол себепті, салқын температурада ұстаймыз, - деп түсіндіреді технолог Тамила Розметова.

Экологиялық таза өнімнің жарамдылық мерзімі бар-жоғы 14 күн құрайды. 
Жақын күндері бұл өнімдер мұнайлы өңірдің супермаркеттерінде сатыла бастайды. Келешекте Ресей рыногына да шығару жоспарда бар.

Айтқандай, серіктестік келесі жылы жемістерден ашық және қоңыр түсті сыра мен алмадан сидр шығаруды қолға алмақ. Бұл сусындардың барлығы германиялық технологиямен жасалуда, ол үшін Германиядан арнайы мамандар шақырылып, қызметкерлерді оқытып-үйретіп отырады. Алдағы қаңтар айында келетін неміс технологы Махамбет ауданы мен Сарайшық ауылының бірқатар тұрғынын тың кәсіптің қыр-сырына баулып кетпек. Қазір Сарайшықтағы цехта сегіз адам тұрақты жұмыс істеп жатыр. Көктем-жаз айларында олардың саны алпысқа дейін көбейеді. 

Тамила Розметованың айтуынша, олар алманың 32 түрімен жұмыс істейді. Оның ішінде, өздері сұрыптау жолымен алған "Махамбет", "Нұрсұлтан" сорттары да бар.  

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу