Ауған соғысына қатысқандардың көбінің әлеуметтік жағдайы төмен - сенатор

597

Оларға мемлекет тарапынан 21 мың теңге беріледі. 

Ауған соғысына қатысқандардың көбінің әлеуметтік жағдайы төмен - сенатор Фото: Петропавловск News

Қазіргі экономикалық жағдайда бұл төлем өте аз. Бұл туралы сенатор Амангелді Нұғыманов Премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында айтты. 

Ауған соғысына аттанған 23 мыңнан астам қазақстандықтың 1 мыңға жуығы үйіне оралмады. 

"Бүгінгі таңда сол тірі қайтқан азаматтарымыздан 16 мыңға жуығы ғана қалды. Оның жартысынан көбі – мүгедек. Осы топта жүріп мемлекет қорынан пәтер ала алмай жүргендер қаншама. Қазаақстанның 1995 жылғы 28 сәуірдегі № 2247 "Ұлы Отан соғысына қатысушылардың, мүгедектердің және оларға теңістірілген адамдардың жеңілдіктері мен әлеуметтік қорғалуы туралы" заңның талаптары бойынша Ауған соғысына қатысқандар Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестіріліп, соған сәйкес жеңілдіктер болды", - деді депутат. 

Бірақ ол 2020 жылдың 6 мамырындағы "Ардагерлер туралы" заңының қабылдануына байланысты күшін жойып, әлеуметтік маңызы бар баптар да жойылып кеткенін еске салды. 

"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекет тарапынан берілетін көмек 21 мың теңгені ғана құрайды. Қазіргі экономикалық жағдайда бұл төлем өте аз. Ауғанстан соғысына қатысқандардың көбісінің әлеуметтік жағдайы неғұрлым төмен, мүгедектіктің кесірінен жұмысқа жарамсыз. Жас ерекшеліктеріне келсек, олардың алды 70-ке келсе, арты 55 жастан асқан", - деп жалғастырды сенатор. 

Ауған соғысына қатысушылар мектептерде, колледждерде, қоғамда жастарды отансүйгіштікке баулып, патриоттық тәрбие беруге елеулі үлесін қосып келеді, деді Амангелді Нұғыманов.

"Күші жойылған Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының (ред. - Соғысқа қатысушыларға берiлетiн жеңiлдiктер мен кепiлдiктер) 5 тармағында көрсетілген "коммуналдық тұрғын үй қорының үйлеріндегі өзі тұрып жатқан пәтерлері меншігіне беріледі" деген бапты қазіргі қолданыстағы Қазақстан Республикасының "Ардагерлер туралы" заңына қосымша енгізуді сұраймын", - деп түйіндеді сенатор.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу