Жұмыстың сағызша созылып, шегіне жетпей жатып тоқтап қалуына - тапсырыс беруші мен мердігер арасындағы дау-дамай себеп. Бір жылда бітуі тиіс шаруа тым ұзап, тараптардың соттасып жүргеніне 3 жылдан асып кетті. Бұл мақсатқа 1 млрд 200 млн теңге бөлінген.
Қостанайда 370 науқасқа шақталған облыстық балалар ауруханасы 3 жылдан бері қаңырап бос тұр. Өңірдің түкпір-түкпірінен осында дертіне ем іздеп келетін балғындар қаладағы 3 түрлі мекемеге бөліп, орналастырылған.
Күрделі жөндеу 2020 жылы басталып, 2021 жылы қаңтарда аяқталуы тиіс еді. Алайда, мердігер компания тиесілі міндеттің 90 пайыздан астамын аяқтағанда тапсырыс беруші жұмыс кестесінен кешіктіңдер деп шу шығарды. Дау-дамай 3 жылға ұласты. Бұрынғы аурахана бас дәрігері қызметімен қош айтысты. Жаңадан тағайындалған басшы жаңа бұйрық шығарған.
"Қазіргі таңда күрделі жөндеуді тоқтатамыз. Мен бұйрықты шығардым. Олар бізді үнемі сотқа тартып жатыр, бірақ біз сотқа бармаймыз. Біз қазір заң бойынша істейміз", дейді Облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Ержанов.
Аурухананың бас дәрігері мердігер компанияға күрделі жөндеуді жалғау үшін қажетті құжаттарды тапсыруды сұраған. Атқарылған жұмыс туралы акттер керек. Алайда, оның бұл өтініші орындалмады. Қайта өздерін сотқа тартыпты.
"Мердігер компания ақыры ауруханадан ақша бопсалай бастады. Олар атқарылған жұмыс туралы акт бойынша ақысын өтеген жоқсындар деп сотқа шағымданды. Алайда, олар сотқа дәлел ретінде әкелген құжаттарының жалған екенін дәлелдедік. Содан кейін мердігер өзінің шағымын қайтып алды", дейді Облыстық балалар ауруханасының заңгері Ринат Бейсенов.
Ал, мердігер компанияның айтар уәжі мүлдем басқа. Жөндеу жұмысына 1 млрд 200 млн теңге бөлінді. Соның 900 млн теңгесі төленді. Ал, қалған ақшаның қайда кеткені белгісіз. Аурухана басшылығы күрделі жөндеуді тоқтатып, оның орынына ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізу туралы бұйрық шығарды. Алайда, бұл жұмыс күрделі жөндеуді аяқтаудан әлдеқайда қымбатқа түсуі мүмкін.
"Қаржылық заң бұзушылықтарын жасырып қалу үшін осындай қадам жасап отыр. Біздің компанияны ысырып тастаса олардың бұл былығы жабулы қазан күйінде қалады. Күрделі жөндеуді аяқтауға қажет есік-терезе секілді, барлық керек-жарақ сатып алынған. Тек, қосымша келісім-шарт жасап жұмысты аяқтауға мүмкіндік берулері қажет", дейді Мердігер компанияның өкілі Жасұлан Байбазаров.
Мердігер компания кәсіпкерлікке кедергі келтіру бойынша антикорға шағымданған. Арадағы дау әлі де жалғасатын сыңайлы. Ал, бас дәрігер аурухананың қалған бөлігіне ағымдағы жөндеу жүргізіп, биыл қайтсек те сонда қайтып көшуге бар күш-жігерді саламыз деп отыр.