Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 5,6%-ға артты

797

Бұл Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы ең жоғары өсім көрсеткіші.

Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 5,6%-ға артты

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Үкімет отырысында ауыл шаруашылығын дамытудың басым бағыттары мен агроөнеркөсіптік кешенде жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру туралы айтты, деп хабарлады inbusiness.kz порталы. 

Ведомство басшысы 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның агроөнеркөсіптік кешендегі барлық макрокөрсеткіштерде өсімнің оң серпіні байқалатынын атап өтті.

"Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 5,6%-ға артып, 6,3 трлн теңгені құрады. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы ең жоғары өсім көрсеткіші. Айта кету керек, азық-түлік өндірісі 4%-ға өсті", - деді Сапархан Омаров. 

Министрдің айтуынша, саланы одан әрі дамыту үшін басым міндеттер айқындалды:
- ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуді 80%-дан асыру;
- 1 млн ауыл тұрғынының табысын тұрақты түрде арттыру;
- еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру;
- қайта өңделген өнім экспортын 2 есеге ұлғайту.
 
Ішкі нарықты қазақстандық өндірістің азық-түлік тауарларымен толықтыру жөніндегі міндетті шешу үшін ведомство импортты қысқартпақ. Бұл – құс еті, шұжық, ірімшік пен сүзбе, алма, қант және балық өнімдеріне қатысты. 

Бүгінгі таңда алдағы үш жылға арналған бағыттардың әрқайсысы бойынша инвестициялық жобалардың нақты пулы айқындалды.

"Атап айтқанда, жалпы қуаттылығы 191 мың тонна болатын 11 құс фабрикасын пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл ішкі қажеттілікті артығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 2020 жылы 94 мың тонна ет өндіре алатын 8 құс фабрикасы іске қосылды. Отандық шұжық және балық өнімдерімен толық қамтамасыз ету 14 жаңа өндірісті іске қосу  арқылы жүзеге асырылады", - деді министр.

Сондай-ақ отандық қант пен сүт зауыттары іске қосылып, қуаты артады және кеңейтілетін болады. 2020 жылы 48 тауарлы сүт фермасы, оның ішінде жалпы қуаттылығы жылына 100 мың тоннаға жететін 17 өнеркәсіптік ферма жұмысын бастады. Алдағы уақытта жыл сайын 35 өнеркәсіптік тауарлы сүт фермасын іске қосу жоспарланып отыр. Нарықты отандық алмалармен қамту үшін Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында 6,6 мың гектар алаңда жаңадан бақтар ашылады.

"Коронавирус пандемиясы жағдайында бүкіл әлем елдерінде ауыл шаруашылығының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлінің артқанын байқап отырмыз. Сондықтан, Қазақстан үшін импортты алмастыру басымдыққа ие үлкен мәселе. Ауыл шаруашылығы министрлігі жоспарлаған жұмыс 2024 жылға қарай импортқа тәуелділік мәселелерін шешуге және елдің азық-түлік тәуелсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты инфляцияға әсер ететін азық-түлік тауарларына баса назар аударылатын болады", - деді Сапархан Омаров.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу