Автокөлікке SOS батырмасы қаншалықты қажет?

283

Еуразиялық экономикалық комиссия Қазақстанның бастамасымен 2022 жылы автокөліктерге SOS түймелерін орнатуға мораторий енгізді.

Автокөлікке SOS батырмасы қаншалықты қажет? Фото: pexels.com

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің арасында бір жақты болмаған мәселе жеткілікті. Солардың бірсыпырасы автокөлік саласына қатысты. Биыл олар біршама оңтайланғандай болды. Жыл басында елімізде одақтастарымыздан келген көлікті жеңілдікпен тіркеу жүргізілгені мәлім. Тағы бірі біздегі атқамінерлердің талқысына түсіп жатыр. Ол автокөліктерде SOS батырмасы болуы керек деген талап. Мәселе Парламенттің төменгі палатасында қаузалып, Үкімет пен Мәжілістің мәмілесі бір болмай шықты, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Еуразиялық экономикалық комиссия Қазақстанның бастамасымен 2022 жылы автокөліктерге SOS түймелерін орнатуға мораторий енгізді. Содан кейін ол 2 рет ұзартылып, 2027 жылға дейін созылды. Ал Мәжіліс депутаты мораторийдың күшін жою керек деген ұсыныс көтерді.

Екатерина Смышляева жеңілдік тек автомобиль импорттаушылар үшін пайдалы екенін айтып, дабыл түймелерінің арзандығына назар аударған.

Үкімет бұл ұсынысты орынсыз деп санайды. Вице-премьер Роман Скляр мароторий отандық авто нарықтағы тапшылыққа тойтарыс бергенін алға тартты. Ал енді бұл батырманың қажеті бар ма, жоқ па деген сауалға келсек.

"Техникалық тұрғыдан алсақ қажет-ақ. Бірақ отандық авто нарықта қолдан қойылып жатқан дабыл түймелерінің сапасы сын көтермейді", - дейді Автосарапшы Абзал Дәулетов. Дегенмен жаңа көліктерде де жүйенің жұмыс істеуі ала-құла болып тұр.

Көлік иесі темір тұлпарын тізгіндеген 6 айда бұл батырманы бірнеше рет басып көріпті. Бірақ нәтижесіз. "Қоңырау аяқсыз, операторға қоспай үзіліп кетеді",  деді. Әйтсе де игілігін көріп жүргендер бар көрінеді.

"Ол жақсы ғой. Мен негізі қолдайм. Оны бассаң қоңырауың 102-ге түседі. Жақсы. Білмейсің ғой, мәселен такси болып жүргенде. Біреулер қылқындырып, тисіп жатса баса саласың болды. Біз тексеріп көргенбіз машинаны алған кезде", - дейді қала тұрғыны Сержан Ырысалы.

Жалпы осы күнге дейін SOS батырмасы 1,6 млн рет басылыпты. Көмек алғандар да бар екен. Бұл ақпаратты төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі таратты.

"Осы кезге дейін ТЖМ автокөліктегі SOS батырмасы арқылы 1,6 млн астам шақырту алған, оның 3964-сы ғана шынайы. Қалғаны тест, байқаусызда басып жіберген, балалар ойнап басқан жағдайлар. Ал биыл көмек алғандар саны қараша айындағы мәлімет бойынша 975 адам", - деді ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.

Қорыта айтсақ. Бұл жүйе көлік жүргізушісіне керек пе? Әрине, керек. Егер жұмыс істеп тұрса. Көлігіңізде ондай түйме болмаса құрылғыны қорапта сатады. Қаласаңыз жүз мыңдап ақша жұмсап, орнатып аласыз. Тек орнатқаннан кейін оның жұмыс істеу-істемеуі екіталай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу