Балық аулаудың қатаң ережелері ақтаулық балықшыларды табыссыз қалдырды

1082

Ақтаулық балықшылар 6 жылдан бері Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылғы бұйрығына өзгерістер енгізе алмай әуре сарсаңға түсіп келеді. Онда талап қатаң. Олар теңізге резеңке қайықтармен шыға алмайды, ал қолданыстағы торларын сапалы түріне ауыстыру керек, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.    

Балық аулаудың қатаң ережелері ақтаулық балықшыларды табыссыз қалдырды

Шығынды есептеп шыққан балықшылар мұндай талапты орындауға қалталары көтермейтінін айтып шағымдануда. Ал шенеуніктер болса, мұның бәрі балықшылардың қауіпсіздігі үшін қажет деп отыр.

Дмитрий Марков жеті баланың әкесі. Үйдің жалғыз табыскері күнкөріс көзін жоғалтты. Ескі лицензия қолданыста кезде балық аулаудан айына 300-400 мың теңге табатын еді. Қазір оның жұмыс көлемі 10 есе азайып, бұрынғы күні келмеске кетті. 

"Қайықтар, құрал-саймандар онсыз да қымбат тұрады. Мен 20 жыл балық аулағандықтан дайындығым жақсы болған. Тоңазытқыш, қажетті жабдықтарым бар. Шілде айына дейін балық ауладым, содан кейін жаңа лицензия алуым керек еді. Бірақ маған лицензия берілмеді. Аптасына және айына бір рет теңізге шығу үшін біз қайыққа кезекте тұруымыз керек. Мұнысы ақылға сыймайды", – дейді Дмитрий Марков.

Теңізде резеңке қайықтармен жүруге болмайды. Сонымен қатар балықшыларға көксерке мен кефаль аулауға моножіппен тоқылған ауларға тыйым салынды. Оның орнына шенеуніктер көп талшықты желілерді пайдалануды ұсынды. Бұдан басқа балық аулау қашықтығына қарамастан бір учаскеде 6 қайық пен 30 адамнан аспауы керек. Шенеуніктер бұл қауіпсіз, әрі теңізге тасталған ауларға су жануарлары, "Қызыл кітапқа" енген Каспий итбалықтары оралып қалмайды дейді. Дегенмен жергілікті балық инспекциясы мамандары Ауыл шаруашылығы министрлігінің соңғы ережелері теңізден гөрі өзендер мен көлдерге қолайлы екенін мойындайды.

"Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің балық шаруашылығы комитетіне ұсыныс енгіземіз. Біз бір учаскеде кемінде 50 балықшы, 20 қайық болуды ұсынамыз", – деді Маңғыстау облысының балық инспекциясы басқармасының басшысы Адизал Шихметов.

Ал бұл ұсыныстарды министрліктер қабылдай ма, балықшылардың базынасын тыңдай ма, жоқ па, әлі белгісіз. 

Алмас Қылыш 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу