Депутат Иса Қазыбек аталмыш келісімшарт не себепті үш тілде жасалғанын сұрады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
"Алдымен Алмасадам Майданұлы сізге рақмет айтайын деп отырмын. Баяндамаңызды мемлекеттік тілде жасадыңыз. Жаңа Шарлапаев та (ред. – Қанат Шарлапаев) шамасы келгенше қазақша сөйледі. Осылай біздің министрлер бірте-бірте мемлекеттік тілді үйреніп алады деп үміттеніп отырмыз. Бұл – бір. Екіншіден, Франциямен жасалған шарт былтыр 30 қарашада Парижде жасалыпты. Ал енді келісімшарт екі тілде емес, келісімшартты Франция мен Қазақстан жасап отыр. Қазақ, француз, орыс тілдерінде жасалыпты. Тәуелсіздік алғанымызға 32 жыл болды. Бұл жерде орыс тілінің не қажеті бар? Француздарға ол түк те қажеті жоқ. Кеше Сингапурдағы келісімшартта да сондай үш тілде. Не үшін жасалады сонда? Біздің мемлекеттік тіл білмейтін Үкімет үшін жасала ма? Орыс тілін қосу қашан тоқтатылады? Екі елдің келісімшартына үшінші елдің не қатысы бар?", - деп сұрады депутат.
Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев бұл қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін жасалғанын жеткізді.
"Яғни негізгі құжат қазақ, француз тілдерінде жасалды. Орыс тіліндегі нұсқа банктер мен халықаралық қаржы институттарына арналған. Сіз толығымен дұрыс айтып отырсыз. Келешекте біз бұл норманы алып тастайтын боламыз", - деді ведомство басшысы.