Бас банкир биыл базалық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік шектеулі екенін айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты "Курсив медиаға" сілтеме жасап.
Себебі, инфляциялық күтулер әлі тұрақталған жоқ. Қазір тәуекелдің таразы басы инфляцияның өсу жағына ауып тұр. Ішкі сұраныс артып, қаржылық ынталандыру күшейе түскен.
Оның үстіне жанар-жағармай бағасы мен коммуналдық қызмет тарифтерінің қымбаттауы қысымды үдетіп отыр. Сыртқы қатерлер де аз емес. Геосаяси ахуалдың шиеленісуі әлемдегі азық-түлік пен энергия ресурстарының құнын өсіруге ықпал етеді.
"Ресейде инфляция орнықты күйде сақталуда. Отын нарығындағы іркілістер аясында проинфляциялық тәуекелдер сақталып отыр. Негізгі мөлшерлеменің төмендеуіне қарамастан, биылғы шілдеде Ресей Банкінің риторикасы қатаңдады. ЕО-да инфляция негізінен энергия көздері бағасының өсуі есебінен біршама қарқын алды", – дейді Тимур Сүлейменов.
Сарапшыларға сауалнама жүргізген кезде тамыз айындағы инфляция көрсеткіштері әлі белгісіз еді. Соған қарамастан, комитет мүшелерінің басым бөлігі мөлшерлемені 0,25 пайыздық тармаққа төмендетуді қолдаған.
Шешім қабылдау сәтінде тамыз айындағы инфляцияның 9,8 пайыз болғаны анықталды. Осы ресми статистикадан кейін Комитет мөлшерлемені бірден 0,5 пайыздық тармаққа төмендету туралы тоқтамға келіпті.