Базарлардағы тауар айналымының 20%-ы көлеңкелі экономика үлесінде

267

Қазақстанда 722 базар жұмыс істейді.

Базарлардағы тауар айналымының 20%-ы көлеңкелі экономика үлесінде Фото: inbusiness.kz

Сарапшылардың пайымдауынша, базарлардағы тауар айналымындағы көлеңкелі экономика үлесі 20%-ды құрайды, соның салдарынан біраз шығынға қалып отырмыз, деді ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Алайда министр шығынның нақты көлемін не көлеңкелі экономиканың ауқымын нақты айта алмады, тек оның алдын алудың жалғыз жолы — көлеңкелі бизнеске жол бермейтін орта жасау, базарларды жаңа форматқа көшіру екенін атап өтті, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Жалпы базарларды модернизациялау бағдарламасы 2015 жылы іске қосылып, биыл өз мәресіне жетуі керек еді. Алайда жоба тағы 2025 жылға дейін созылды. 

"Бұл мәселеде біз әрқашан бизнеске құлақ асамыз. Соңғы жылдары іскерлік белсенділік үшін қолайлы жағдай болмағанын да түсінеміз. Сондықтан жаңғырту мерзімдері екі рет ауыстырылды. Қазір біз 2025 жылға дейін мерзімін ауыстыру бойынша осындай жұмысты жалғастырып жатырмыз, сауда нарықтарын жаңғырту бойынша тиісті жол картасын әзірледік", — деді Арман Шаққалиев.

Жаңарту үрдісінің кешігуіне тағы бизнес иелерінің көлеңкелі экономикадан шығу құлқы жоқтығы себеп болған. Министрдің айтуынша, базарлардағы тауар айналымындағы көлеңкелі экономика үлесі 20%-ды құрайды.

"Сарапшылардың пайымдауынша, базарлардағы тауар айналымындағы көлеңкелі экономика үлесі 20%-ды құрайды, соның салдарынан біраз шығынға қалып отырмыз. Ал сол адамдардың заң жолына түсуге ынтасы болмай отыр, өйткені олар базарды жаңартуға ақша салғанша, жаңа жерге контейнер қойып, қолма-қол ақша алу арқылы сауда жүргізгісі келеді. Алайда 8 жыл өтті екен деп уайымдап отыратын уақыт жоқ, алдағы екі жылды тиімді пайдалану керек", — деді спикер.

Ресми деректер бойынша Қазақстанда 722 базар жұмыс істейді, осының ішінде әмбебап саналатын 460 сауда орны жаңартылуы керек. 2023 жылы 16 базарды, 2024 жылы 24 сауда орнын жаңғырту жоспарланған. 2025 жылға қарай тағы 35 орын жаңарады. 

"Ол не үшін қажет? Біріншіден, базарлар заманауи талаптарға сай болуы қажет. Тұтынушылармен мен кәсіпкерлер үшін қолайлы стационарлық ғимараттар, ең бастысы, олар өрт, санитарлық және құрылыс қауіпсіздігі нормаларына сай болуы керек.Біз сауданың әр тараптылығын қолдаймыз. Бірақ көлеңкелі сауда мен антисанитарияға жол жоқ. Сонымен қатар, базар әкімшілігі мен жалға алушылардың арасында проблемалар бар. Шағымдар да көп түседі. Ол - реглементтің жоқтығы, жалдау ақысын көтеру, қосымша қызметтерді жүктеу", — деп түсіндірді министр.

Арман Шаққалиевтің айтуынша, проблемалардың бір бөлігі заңнамалық деңгейде шешілді. Меншік иелерінің сауданы ұйымдастырудағы жеке жауапкершілік енгізілді. Базарларға қойылатын нақты талаптар анықталды. Smart QR жүйесіне 240 сауда нысаны тіркелді.

Республика бойынша барлығы қанша базардың жаңартылғаны жайлы ақпарат берілмейді, бірақ үш ірі қала — Астана, Алматы, Шымкент бойынша есеп жүргізілген. 2023 жылдың қазан айына қарай, сауда және кәсіпкерлік бөлімдерінің мәліметтері бойынша, Астанада жаңғыртуды қажет ететін алты базардың төртеуі қайта жаңартылды (елордада барлығы 27 базар). Алматыда 60 нарықтың 22-сі жаңғыртылды, тағы 27-сі үшін жол карталары әзірленді, ал бес сауда нысанының иелері әлі инвестор тапқан жоқ. Шымкентте 36 сауда базарының 19-ы жаңғыртылуы тиіс: оның 14-інде жаңарту жұмыстары аяқталды, тағы біреуі осы жылдың желтоқсанына дейін, ал төртеуі — 2024 жылдың соңына қарай дайын болады. Әкімдіктердің есептеуінші, әр базарды жаңартуға орта есеппен 4,5 млрд теңге қажет. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу