Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов 2030 жылға қарай еңбек нарығына үлкен қысым жасалатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Үкіметтің есебіне сәйкес, жыл сайын шамамен 900 мың адам жұмысқа орналасады екен. Сонда жыл сайын 1 миллионға жуық адам жұмысқа орналасса, жұмыссыздық деңгейі неге өзгеріссіз қалып отыр деген сұрақ мазалайды. Мынадай қарқынмен жұмыссыздық пен өзін-өзі жұмыспен қамту мәселесі әлдеқайда шешілуі керек еді. Ең қызығы, соңғы 10 жылда жұмыссыздық 4,5-4,7 деңгейінде өзгермей тұр. Жұмысқа орналастыру статистикасымен таныссақ, тіпті арифметика заңдарына күмәндана бастайсың. Өздеріңіз ойланып көріңіздерші, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 963 мың жұмысқа орналастырылған екен. Ал бірақ жұмыссыздардың саны небары 445 мыңнан аспайды. Сонда жұмысқа мұқтаж адамдардың санынан екі есе көп адам жұмысқа орналастырылды деген сөз бе?!", - деді депутат Мәжілісте өткен Үкімет сағатында.
Асхат Аймағамбетов бұл мәселеде сұрақ көп екенін жасырмады.
"Бұған дейін еңбек нарығына жыл сайын 200 мың адам келетін. Қазір бұл көрсеткіш 250 мыңға жетіп қалды. Бес жылдан кейін 350 мыңға дейін барады дейді. 2030 жылға қарай еңбек нарығына үлкен қысым жасалады. Ол неге байланысты? Әрине, біріншіден – демография, бэйби-бумерлардың әсері. Екіншіден – өмір сұру ұзақтығының артуы. Бұдан бөлек, 2031 жылға қарай әйелдердің зейнетке шығу жасын 63 жасқа ұзаруына байланысты еңбек нарығында 50 мыңға жуық адамның қалуы, сонымен қатар автоматизацияның қарқынды дамуы", - деп жалғастырды ол.
Халық қалаулысы осының бәрі еңбек нарығына үлкен әсер ететінін, жаңа жұмыс орындарын қажет ететінін баса айтты.
Айта кету керек, осыған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов еңбек нарығында дисбаланс байқалып отырғанын айтқанын жазған болатынбыз. Бұдан басқа 2030 жылға қарай 1,7 миллион адамның табысы медианды жалақыдан жоғары болатаны белгілі болды.