Билік пен бизнес не шешті?

612

Бизнес қауымдастығы туризмді дамыту үшін инвесторлармен қатар жергілікті кәсіпкерлерге де арнайы экономикалық аймақтан орын бөлініп, тең жағдай жасалуын сұрайды. Өйткені Каспий теңізі жағасында атышулы бес жұлдызды қонақ үйлерге үлкен мүмкіндік жасалып, ал жергілікті іскерлер "көлеңкеде" қалып қойған. Бұл туралы Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасында өткен өңірлік кеңестің отырысында Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың кәсіпкерлермен кездесуі кезінде  айтылды. 

Билік пен бизнес не шешті?

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Самат Мұсабаев Каспийдегі ірі демалыс орындарында демалуға қарапайым халықтың қалтасы көтермейді, сондықтан да жергілікті кәсіпкерлердің қолжетімді демалыс аймағын да дамыту қажет деді. Әсіресе, ауыз су қиындығын тартқан бизнеске арнайы экономикалық аймақтың жеңілдігін беруді сұрады.

Бұдан бөлек кәсіпкерлік нысандарына инфрақұрылым тарту, жеңіл өнеркәсіпке арналған индустриялық аймақты құру қажет екені де сөз болды. Өңірде өзекті болып тұрған мал азығы мәселесі де назардан тыс қалмады. Жем-шөпке кететін көлік шығындарына жеңілдік жасауға нақты ұсыныстар берілді. Билік бизнеске барынша жағдай жасауға тиіс делінді.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев: "Ең алдымен жем-шөп жеткізу, жол қатынастарын реттеу, тасымалдау тарифтерін төмендету жөнінде басқа да мекемелермен ауыл шаруашылығы кәсіпкерлеріне жеткізуді қамтамасыз ету, далада өлген малдарды көму, залалсыздандыру қолға алынды. Сондай мәселелер, нақты қабылданған іс-шаралар бар. Сонымен айналысып жатырмыз", - дейді.

Өңірдегі кәсіпкерліктің дамуы жайында Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Рашит Мұстапаев баяндама жасады. Оның айтуынша, 2021 жылдың 8 айында кәсіпкерлер палатасына келіп түскен өтініштердің жалпы санының 78,4% кәсіпкерлер құқықтарын толық көлемде қорғадық. Палатаның қолдауымен кәсіпкерлердің 2,5 млрд теңге сомасындағы экономикалық шығындарының алдын алды. Негізгі өтініштер-жер, мемлекеттік сатып алулар, салықтық тексерулер және басқалар.

Бүгінде облыста 54 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, ал жұмыспен қамтылған халық саны 116 876 адамды құрайды.

Жыл басынан бері өңір экономикасына 291,4 млрд теңге инвестиция тартылды, оның 50%-дан астамы шағын және орта бизнеске тиесілі.

Елдегі орын алған пандемияның күрделі жағдайына қарамастан Үкімет қабылдаған тиімді іс-шаралардың арқасында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгерістер байқалады.

Кездесу барысында кәсіпкерлер шешуді қажет ететін бірқатар мәселелерді ортаға салды. Бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланыс, ауыл шаруашылығы, іскерлік ортаны жақсарту және әкімшілік тарапынан туындайтын кедергілерді жою мәселелері талқыланды.

Бизнес өкілдерінің мүмкіндігін пайдалана отырып, жағдайды жақсартуға болады. 2-деңгейлі банк қаражатын бизнес үшін қолжетімді ету қажет. Жаңа жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды жетілдіру маңызды екені баса айтылды.

Маңғыстау облысы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салихова Каспий теңізі жағасынан қолөнершілер орталығын ашуды ұсынды. Туризм мен ұлттық өнерді қабыстыру қажет. Туристер Маңғыстаудың қолөнер ерекшелігін, қазақтың салт-дәстүрін көріп, кәде сыйларды жасатып немесе дайын күйінде алуға мүмкіндік болады. Әрі ежелгі жәдігерлері білетін шеберлерден біршама шәкірт дайындап алуға жағдай болады, – деді ол.

Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин жиналысты түйіндеп, Өңірлік кәсіпкерлер палатасында көтерілген жаңбырды жаудыру әдісі қолдау тауып, тиісті компаниямен келісімшарт жасалып жатқанын хабардар етті. "Отандық инвестицияны туризмге тарту үшін жергілікті бизнестің жер телімдерін "Ақтау порты" арнайы экономикалық аймақтың территориясына кіргізу және сол жерлерге инфрақұрылым тарту, олардың күш-қуатын көбейту, жеңіл өнеркәсіпке арналған индустриялық аймақты құру, жем-шөпке кететін көлік шығындарына жеңілдік жасауға нақты ұсыныстар берілді. Біз де билікпен жоспарлы, жүйелі қызмет атқаратын боламыз",- деді Еділ Терекбайұлы.

Басқосу соңында билік пен бизнес жылына бірнеше мәрте кездесіп, ашық талқылау жасап тұруға уағдаласты.

Алмас Қылыш

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу