Министр Қазақстан мен Түркия арасындағы 1991 жылдан бергі 30 жылдық қарым-қатынасты және Түркияның біздің республикамыздың тәуелсіздігін бірінші мойындағанын атап өтті, деп хабарлайды ведмствоның баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, министр Ынтымақтастық кеңесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған "Түркі көзқарасы 2040" бағдарламасы аясында түркі елдерін ұзақ мерзімді қарым-қатынас орнатуға шақырды.
"Түркия мен Қазақстан арасындағы денсаулық сақтау және медицина саласындағы өзара тиімді байланыс белсенді дамуда. Сондай-ақ түркі әлемінің өзге елдерін де денсаулық сақтау саласында тығыз ынтымақтастыққа шақырамыз", – деді министр.
Елжан Біртанов соңғы 18 жылда Мыңжылдық декларациясындағы даму жолындағы мақсаттар мен тұрақты даму саласындағы мақсаттар аясында Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы 8 жылға дейін ұзарып, ана өлімі коэффициенті 4 еседен астам төмендеді, ал нәресте өлімі коэффициенті 2,5 есеге азайғанын айтты.
"Қазақстанда ұлт денсаулығын нығайту – ұлттық құндылықтың бірі. 2018 жылы Тұңғыш Президент білім беру, ғылым және денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржыны 5 жыл ішінде ЖІӨ-нің 10% -ға дейін арттыруды және денсаулық сақтау саласына ЖІӨ 5% бөлуді тапсырды" – деді Елжан Біртанов.
Сонымен қатар, ол Қазақстанда биомедициналық зерттеулер нарығын дамытуға, отандық және денсаулық сақтау саласындағы ғылыми зерттеулер мен инновацияға инвестиция салу үшін шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын айтты.
Министр Қазақстанда келесі жылы қабылданатын жаңа "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекс пен денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жыл сайын медицина қызметкерлерінің жалақысын 30%-ға дейін арттыру жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Нәтижесінде медицина қызметкерлерінің орташа жалақысын экономикадағы орташа еңбекақыдан 2,5 есе жоғары болады.
Елжан Біртанов ДДСҰ, ЮНИСЕФ және Қазақстан Үкіметі ұйымдастыруымен Қазақстан астанасында өткен жаһандық конференцияда жаппай денсаулық сақтау қызметтерімен қамтамасыз ету үшін медициналық-санитарлық алғашқы көмекті денсаулық сақтау жүйесінің іргетасы деп танып, Астана декларациясының қабылданғанын атап өтті. Осылайша, ДДҰ-ға мүше мемлекеттер медициналық-санитарлық алғашқы көмекті қолдайтынын растады.