Биржадан ең көп қаражат тартқан өңір – Түркістан облысы

1101

Әкімдіктердің бәрі жалпы биржадан 100 миллиард теңге алған. Оның 40 миллиарды Түркістан облысына тиесілі. Әйтсе де бөлінген бюджет қаражатын аймақ әкімдігі толыққанды игере алмай жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы finprom.kz зерттеуіне сілтеме жасап.

Биржадан ең көп қаражат тартқан өңір – Түркістан облысы

Биылғы 18 тамыздағы жағдай бойынша республикалық бюджеттегі 17 облыс пен қала әкімдіктерінің тоғызы облигацияларын орналастыра отырып, қаржы биржасынан 100 млрд теңге тартқан. 

"Ең көп соманы Түркістан облысының әкімдігі тартты (жалпы көлемі 40,2 млрд теңге). Әкімдік облигацияларды наурыз және маусым айларында екі рет орналастырды. KASE биржасының деректері бойынша, аталған облигациялар "2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамту жол картасы" мемлекеттік бағдарламасын, сондай-ақ мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде көзделген іс-шараларды қаржыландыру мақсатында шығарылды", - делінген зерттеуде. 

Түркістан облысынан басқа биржадағы қаражатты тағы 8 жергілікті атқарушы орган алды. Бұл ретте олардың қаражат тарту көлемі бірнеше есе аз. Мысалы, Алматы мен Шымкент әкімдіктері тиісінше 20,6 млрд және 17,6 млрд теңгені, ал басқа әкімдіктер 7 млрд теңгеден аспайтын қаражатты алған. Жергілікті атқарушы органдардың тартқан қаражат көлемі арасындағы осындай айырмашылық бүгін де едәуір сұрақтарды туындатып тұр.

Айта кетсек, қолданыстағы бағдарламаларды, сондай-ақ даму бағдарламаларын іске асыру үшін әкімдіктерге республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер бөлінеді. Түркістан облысына биыл 221,7 млрд теңге бөлу көзделген. Бұл еліміздің басқа өңірлерімен салыстырғанда ең жоғары сома. Оған қоса Түркістан облысының әкімдігі бюджет қаражатын толық игермей жатып, биржада тағы да қарыз алған. Биылғы алты айдың қорытындысы бойынша Түркістан облысының жергілікті бюджетінің шығыстары 460,97 млрд теңгені немесе жоспардың 99,6% құрады. Бір қарағанда, жақсы нәтиже. Бірақ егер абсолюттік мәнде қарағанда, онда игерілмеген қаражат көлемі айтарлықтай елеулі соманы — шамамен 2 млрд теңгені құрап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу