Мемлекеттік басқарманы цифрландыру саласындағы серіктестік туралы құжат ТМД-ға мүше мемлекеттердің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен мемлекеттік қызмет көрсету тиімділігін арттыруға, цифрландыру жағдайында адам құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге септігін тигізетін мемлекеттік секторды цифрлық трансформациялау ынтымақтастығын тереңдетуге бағытталған.
Көпполярлы әлемдегі халықаралық қатынастар туралы құжат ТМД елдерінде халықаралық және өңірлік даму мәселелерін шешу үшін қауіпсіз халықаралық қатынас құрылымын жасауға арналған. Құжатта ТМД аймағын бейбітшілік, серіктестік, тұрақты даму мен ортақ гүлдену аймағына айналдыру аталып өткен.
Мемлекет басшыларының адам құқықтарын және діни сенімін қорғау туралы құжатында ТМД елдерінде мәдени және діни ұстанымы түрлі адамдар тұратынын түсінудің маңызы айтылған.
Орыс тілін ұлтаралық қатынас тілі ретінде қолдау және дамыту құжатында оның әлемдегі, БҰҰ және бірқатар басқа халықаралық ұйымның ресми тілі ретіндегі рөлі, ТМД елдерінің бірегей тілдік және тарихи-мәдени мұрасын сақтау және таныту туралы айтылып, Достастықтың ортақ мәдени-гуманитарлық кеңістігін нығайтудағы орыс тілінің маңызы аталып өткен. Сондай-ақ құжатта орыс тілін өзара тілдесуде және халықаралық ұйым мен форумдарда пайдаланып, тіліне қарай кемсітуге жол берілмеуі керек екені нақтыланған.
Қырғыз астанасында қол қойылған құжаттың бәрі Біріккен Ұлттар Ұйымы мен басқа да халықаралық ұйымдарға таратылады.
ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесі "Одақтың мәдени астаналары" Мемлекетаралық бағдарламасын Өзбекстан Республикасында жүзеге асыру туралы шешім қабылдап, Самарқандты Одақтың 2024 жылғы Мәдени астанасы деп жариялады.