Бітпейтін плагиат шығармашылық дағдарыстың көрінісі ме?

755

Ұлытаудың тауы плагиат. Жаңа ашылған облыстың логотипіне байланысты осындай дау шықты.

Бітпейтін плагиат шығармашылық дағдарыстың көрінісі ме?

Қоғамның талқысынан кейін 2 күн бұрын бекітілген аймақтың белгісі бүгін күшін жойды. Демек біреудің идеясы ұрланғанын мойындағандай болып отыр. Бірақ "Рухани жаңғыру" деп аталған бағдарламаның логотипі де плагиат дауына қалғанын ескерсек, бір облыстың әрекеті не тәйірі?

Түрлі-түсті бүркіт шынымен де керемет көрінеді. Әдемісі әдемі, бірақ француз компаниясының логотипіне өте қатты ұқсайтыны ұялтады. Былтыр қайтадан "Ұлттық мереке" мәртебесін алған "Республика күніне" арналған белгідегі Қыран да қытайлық сайттардағы суреттің көшірмесі сияқты. Тіпті 500 теңгелік банкноттағы шағаланың өзін википедиядан алды деген айыптаулар айтылғаны белгілі.

"Ұрлық қой. Өйтуге болмайды. Және де мұндай конкурстар тек біткен кезде ғана, шу шыққан кезде ғана білемін. Меніңше басқа дизайнерлер де солай кеш қолдарын сермеп жататын сияқты. Олардың ашуына да келеді, ызасына да тиеді. Өйткені қазақ. "Қазақ" деп жүрегі дүрсілдеп тұр. Ол қатысқысы келеді. Тендерде шаруасы жоқ кейбір адамдардың. Кейбір адамдар партиоттық сезіммен тегін-ақ істеп береді деп ойлаймын", дейді Суретші, дизайнер Аңсаған Мұстафа.

Енді Ұлытау ауданының логотипінен шу шықты. Жазуының қалай оқылатыны өз алдына, тауының өзі Ұлытау емес екен. Әлеуметтік желіде Асқар Жапаров деген қолданушы бірнеше ұқсас нұсқаны тізбелеп беріпті. Қызу талқыға түсті, облыс әкімдігі өз шешімін айтты.

"Облыс Төлтаңбасы мәселесі әлеуметтік желілерде қызу пікірталас тудырды. Осыған байланысты конкурс қорытындыларын және сәйкесінше конкурстық комиссияның нәтижелерін жою туралы шешім қабылданды", делінген Ұлытау облысы әкімдігінің фейсбук парақшасында.

Айта кету керек, біз ғана емес, бізден де "ұрлайды" екен. Мысалы елтаңбамызды сәл ғана өзгертіп, эквадорлық компания өзіне пайдаланып кете жаздаған екен. Қарапайым суретшілердің рұқсатсыз қолданылып жатқан еңбек қаншама. 

Белгілі суретші Аңсаған Мұстафа өзінің бір еңбегін ресейлік компанияның пайдаланып жатқанын байқап, естен тана жаздапты. Өйткені, ол жерде сатылатын киімдердегі суреттер мен жазулар ресей билігін қолдаушы, насихаттаушы мағынада.

"Елтаңбадағы бүркіт деп ойлап алып қоюы мүмкін" - деп ойладым да оны тоқтатайын деп сотқа бердім. Өзімдікі екенін дәлелдеп тұрмын ғой. Сонда да сот "бұл жеткіліксіз" дейді. "Сен бұл суретіңді патенттауың керек еді" дейді. Сонда менде 1200-дей сурет бар. Оның қайсыбірін патенттаймын?! Мүмкін емес қой. Миллиардер болуым керек. Әрқайсысын 30 мың теңгеден патенттауым үшін", дейді Суретші, дизайнер Аңсаған Мұстафа.  

Айта кетерлігі, сол ақшасын төлеп патенттегенімен, өзге елдің өкілдері пайдаланса дәлелдеу қиынға түсетін көрінеді. Өзгелердікін алғанда біздің билік осы принципке иек артатын сияқты.

Бақытнұр Әлібай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу