Биыл елімізде қандай жаңа өндіріс орындары ашылады?

256

2023 жылы Қазақстанда 170 өнеркәсіп жобасын іске асыру көзделген

Биыл елімізде қандай жаңа өндіріс орындары ашылады? Фото: primeminister.kz

ҚР ИИДМ баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл 13,2 мың тұрақты жұмыс орны құру межеленіп отыр.

Биылғы 3-ші тоқсанда Екібастұздың маңында жылына 240 мың тонна ферросилиций шығаруға қауқарлы ауқымды өндіріс орынның қызметі жолға қойылады. Бұл жыл сайынғы экспорттық табысты шамамен 460 млн долларға ұлғайтуға мүмкіндік беріп, 800 адамды тұрақты жұмыспен қамтуға жол ашады. Жобаның құны – 92 млрд теңге.

Осы жылы отандық ферроқорытпа өндірушілері Қарағанды облысында өнімділігі жылына 400 мың тонна болатын арнайы кокс шығаратын жаңа зауытта алғашқы өнімді шығара бастайды. Бұл импорттық үлесті жылына 57 млрд теңгеге төмендетіп, сондай-ақ жоғары сапалы отын түріне қол жеткізуге мүмкіндік береді. 261 адамды жұмыспен қамтамасыз етуді көздейтін бұл жобаның құны – 43 млрд теңге.

Қостанайдағы республикалық машина жасау орталығы биыл коммерциялық жүк көліктеріне арналған көпірлердің негізгі компоненттерін өндіру бойынша негізгі өнеркәсіп орталығына айналмақ. Зауыт автоматтандырудың жоғары дәрежесімен ерекшеленіп, халықаралық экологиялық стандарттарға толық сай және жергілікті оқу орындарымен ынтымақтастық орнатқан. Өндіріс кезеңінде мұнда 300-ге дейін адам жұмыс істейтін болады.

2023 жылы отандық автомобиль өнеркәсібіндегі тағы бір айтарлықтай жаңалық – Қостанайда Chevrolet Enix маркалы автокөліктердің өндірісі жүзеге асырылады. Нарықта қозғалтқышы 90 және 132 ат күшіне тең седанның 2 түрі болады. Жылына 30 мың машина шығару көзделіп отыр. Жобаны іске асыруға 23,4 млрд теңге жұмсалып, 400 жұмыс орны құрылады.

Бұдан басқа Саран моноқаласында тұрмыстық техниканы, Алматыда алюминий радиаторларын, Қарағандыда жел генераторларына арналған конустық мұнараларды, Қостанайда Jetour, Kia және SsangYong маркалы көліктерді және Павлодарда алюминий дискілерін өндіру жоспарланған. Елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін макарон өнімдері, сүт және сүт өнімдері, құс еті және т. б. Өндірісінің ауқымы кеңейтілмек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу