Бизнеске 10 мың негізсіз талап қойылып келген

571

Қазақстандық бизнесмендерге 10 мыңнан астам талап негізсіз қойылып келген. Ескірген әрі бірін бірі қайталайтын бұл ережелер енді алынып тасталмақ. 

Бизнеске 10 мың негізсіз талап қойылып келген

Мұны Үкімет "кәсіпкерлік қызметті "таза парақтан" реттеу" деп атады. Сондай-ақ, талаптардың бірегей тізімі жасалып, іске қосылған. Осылайша, мемлекеттік бақылауды автоматтандыру арқылы бизнесті жөн-жосықсыз тексеруге тоқтау қойылмақ. 

Тоқаевтың бастамасымен 2021 жылдың желтоқсанында  кәсіпкерлердің қызметін реттеу саясаты туралы жаңа заң қабылданды. Билік сол реттеудің барлық 44 саласын қарадық, 2 800 астам нормативтік-актіге талдау жасадық дейді. Сөйтсек, бизнеске 10 мыңнан астам негізсіз талап қойылып келген. Енді олардың күші жойылып, бір жүйге келтіріліп жатыр. 

"Ақылға қонымсыз, ескірген және қайталанатын талаптар анықталды. Ақырында, бизнеске қатысты реттеуші актілер мен талаптардың толық тізімі жасалды. Мұны кәсіпкерлер оң қабылдады", деді "Атамекен" ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов. 

Бизнеске қойылып жүрген талаптар жаңа саясатқа сай келмейді

Бір ғана мысал: екі жыл бұрын коронавирус пандемиясы кезінде дәмхана-мейрамханалар әр 20 шаршы метрге 1 санитайзер қоюға міндеттелді. Қазір ковидті есімізге де алмайтын болдық, қолды спиртпен жумайтын болдық, бірақ жаңағы талап сол күйі қалған.    

"Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша Міндетті талаптар тізілімі жасалды. Оны біз қажет кезде қайтадан қарап, реттеп отыратын боламыз. Бұл жерде "Атамекен" палатасы белсенді рөл атқаруы тиіс. Яғни, орынсыз, бірін-бірі қайталайтын немесе тиімсіз талаптарды анықтау және алып тастау жұмыстары тұрақты негізде жүргізілетін болады", деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.

Бұдан бөлек, Smart Data Ukimet деп аталатын платформада бизнес үшін міндетті талаптар тізілімі іске қосылды. Мысалы, егер сіздің азық-түлік сататын дүкеніңіз болса, оған қойылатын талаптардың бәрін бір жерден көре аласыз, өйткені, барлық деректер бір ақпараттық жүйеге біріктіріліп жатыр.  Бұл жұмыс 2023 жылы, яғни биыл аяқталады.

"Егер кәсіпкер осы реестрде бір талапты көрмесе, оны уәкілетті мемлекеттік орган талап етпейді. Егер талап етсе, сол мемлекетті орган әкімшілік жауапкершілікке тартылады", деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Десе де, бәрі ойлағандай керемет емес. Проблемалар да бар. Мәселен, жер қатынастары, мемлекеттік сатып алу, салықтық әкімшілендіру, сәулет және қала құрылысы салалары бойынша бизнес тарапынан шағым көп. Өйткені, бұл секторларды жемқорлық жайлаған. Жерді жалға алу үшін пара сұрайтын, тендерді жеңу үшін откат сұрайтын, қала ішінде үй салуға рұқсат беру үшін де ақша тиалап ететін жағдайларды көріп-оқып жүрген жайымыз бар. Енді Үкімет жұмысты "таза парақтан" бастап, бизнес жиі көтеретін проблемаларды шешуге бет бұрмақшы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу