Батыс Қазақстан облысындағы Амангелді темір жол стансасы ғимаратына бомба қойылды деп хабарлаған 36 жастағы азамат ұсталды.
Ұсталған адам Шыңғырлау кентінің тұрғыны болып шықты. Ол өз кінәсін мойындап отыр, деп мәлім етті лаңкестікпен күрес жөніндегі облыстық штабтың баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің дерегі бойынша, Амангелді темір жол стансасының бірінші жолына бомба қойылғаны туралы қоңырау Шыңғырлау аудандық орталық ауруханасына өткен бейсенбі күні түскен. Арнайы қызметтер "Ақсай-Шыңғырлау" темір жол өткелін шұғыл жауып, осының салдарынан екі жолаушылар және екі жүк пойызы кідіртілді. Амангелді стансасындағы қондырғыдан және темір жолдан жарылғыш зат табылмады. Қазір жалған терроризм фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.