БҚО-да бес адамға қатысты сот отырысы басталды

1419

Оларға ірі көлемде мал ұрлады деген айып тағылып отыр.

БҚО-да бес адамға қатысты сот отырысы басталды

Батыс Қазақстан облысында соңғы бірнеше жылдан бері мал ұрлап келген адамдарға байланысты сот басталды. Қазіргі күні күдікті ретінде бес адамның ісі қаралуда, олардың төртеуі – ағайынды Ешовтар. Қамауға осындай бірнеше адамның алынғанына қарамастан олар "ұйымдасқан қылмыстық топ" ретінде қаралып  отырған жоқ. Тергеу барысында қылмыстың сипаты мұндай емес деген қорытынды жасалған. Оның орнына "алдын ала сөз байласып жасаған" деген айыптау қолданылуда. 

Сонымен, барымташылар Сырым, Ақжайық, Қаратөбе аудандарының малшыларының адал еңбегімен, маңдай терімен көбейтіп, бағып отырған малын қайта-қайта қолды қылып, зар қақтырған. Тұрғындар олардың тек соңғы екі жылдың ішінде ұсақ және ірі қараны қосқанда мыңнан аса малды ұрлағанынан сенімді. "Назарымбет" шаруа қожалығының иесі Аманжол Зинуллиннің айтуынша, бұл жерде іште кеткен, жаңа туған төлді тіпті есепке де алып отырған жоқ. 
Күдіктілерге байланысты тергеу ісі өткен мамыр айында басталған. Содан бері оның қалай жүріп жатқанына шағымданған мал иелерінің көңілі толмай келеді. Бастапқыда органдар күдіктілерден 618 малды ұрланды деп оларға байланысты қандай да бір іс-ірекеттерді жасауға тиым салған. Кейін бұл сан 150-ге азайтылады да ағайындылар бұдан кейін айғақ ретінде қарастырылған қалған малды сойып, сатып, көршілес облыстарға өткізіп жібереді.

Айта кетейік, БҚО малы тек батыс өңірдің халқын асырап отырған жоқ, оны Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан келіп, көтеріп алып кететіндер көп. Құқық қорғау қызметкерлерінің облыс шекарасынан шығып кеткен малды қуып жүрмейтіні бесенеден белгілі. 

Одан бөлек, тергеу кезінде тергеушілер жиі ауысқан. Әдепкіде анықталған 68 эпизодтан сотқа айналып келгенде 48-і ғана жетеді. "Менен 85 жылқы ұрланып еді, ол ақыр соңында 24 бас болып қалды", - дейді шеккен шығынын 8 млн теңгеге бағалап отырған А.Зинуллин.

Қалған шаруалардың да мал басы біртіндеп осылай кеміген. Өкінішке қарай, мұндай істі қарағанда мал басы айғақ ретінде тіркелген қалдық материалдар бойынша ғана анықталады. Мәселен, бас сүйегі, мүйізі, тұяғы табылған малды дәлелдеуге болады, ал кейде ұрылардың мал сойған жерді тып-типыл қылып, тазалап кететіні бар. Бұдан бөлек, жәбірленушілер мал ұрлайтын адамдардың қолында полицейден, ветеринарлық қызметтер мен әкімшіліктен берілген анықтамалардың жүргеніне таңданулы. 

Қазір Ақжайық аудандық сотында бірінші сот отырысы өтті. "Бес адам жауапқа тартылуда. Оның төртеуі – ағайындылар, олардың екеуі ҚР ҚК 188 "Ірі көлемдегі ұрлық" және 287 "Заңсыз қару, жарылғыш заттар ұстау, сақтау, алып жүру", тағы екеуі тек "ірі көлемдегі ұрлық" баптары бойынша айыпталды", - деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметінен.

Қолында ірілі-ұсақты малы барлардың қуантып отырған жақсы жаңалық та бар – ол күдіктілер қамауға алынғалы бір де бір мал басының ұрланбағаны. 

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу