Батыс Қазақстан облысында автокөлік аударылып, бір адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БҚО төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, қайғылы оқиға кеше сағат 17.20-да Сырым ауданы аумағында болды.
"Самара-Шымкент" жолының 401-шақырымында "Хонда Элизион" автокөлігінің алдыңғы доңғалағы жарылып, аударылған. Соның салдарынан 39 жастағы жолаушы оқиға орнында көз жұмды. 34 жастағы жүргізуші, сондай-ақ төрт қытайлық азамат түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
Оқиға орнына жедел жәрдем бригадасы (4 қызметкер, 1 техника) және 15 жол-патрульдік полиция қызметкері 5 көлікпен барды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың нақтылауынша, 33 және 53 жастағы қытайлық азаматтар ауруханаға жатудан бас тартты. 34-тегі жүргізуші мен 49 және 53 жастағы өзге қытайлық жолаушылар облыстық ауруханаға жатқызылды.