Бюджет тапшылығы 1,8 есе артып, экспорт 32 пайыз кеміген

1233

Пандемия сауда балансындағы оң сальдоны әлсіретті.

Бюджет тапшылығы 1,8 есе артып, экспорт 32 пайыз кеміген

Қаржы министрлігі 2020 жылдың 11 айындағы негізгі макроэономикалық индикаторларды жариялады.

 Жалпы ішкі өнімнің көлемі әзірге 45 803,3 млрд теңге болып тұр. Былтырғы жылды 69532,6 млрд теңгемен түйіндеген екенбіз. Желтоқсан айының нәтижесін қоспағанда 34,2 пайыз айырмашылық бар. Бұл айырмашылықтың салдарын мемлекеттік бюджеттің тапшылығынан көруге болады. Өткен жылдың 1 айында қазынаға түрлі алымдар мен салықтардан 12758,4 млрд теңге түссе, биылғы 11 айда 12 609,8 млрд теңге кірген. Ал шығыны 2019 жылы 13 535,6  млрд теңге болса, биылғы 11 айдың өзінде 14 424,1 млрд теңгеге артқан. Ресми статистикаға сенсек, соңғы жылдарда ел бюджетіндегі тапшылық үйреншікті жағдайға айналып барады. 4 жыл бұрын оның көлемі 737,7 млрд теңге болса, 2017 жылы – 1 455,3 млрд теңге, 2018 жылы – 833,1 млрд теңге, 2019 жылы 1 285,3 млрд теңге болған. Биылғы пандемия мен локдаун кезінде төленген әлеуметтік өтемақылар, кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған шығыстар тапшылықты 1,8 есе асқындырып жіберген екен. Желтоқсандағы шығыстарды есептемегеннің өзінде 2 379,6 млрд теңге болып тұр. 

Қаржы министрлігінің статистикасына сенсек, елдегі атаулы орташа айлық былтырғыдан 11,4 пайыз өскен. Яғни, өткен жылы 186 815 теңге болса, биыл  211 033 теңгеге жеткен көрінеді. Бұл статистикаға қарап пандемия еліміздегі жұмыс берушілерге айтарлықтай әсер ете қоймаған-ау деп ой түюге болатын еді. Қарапайым қисынға салсақ, мұндай өсімді дәрігерлерге бөлінген үстемеақылар мен педагогтердің еңбекақысын көтеру шараларымен ғана түсіндіру мүмкін шығар. Дегенмен, ресми статистиканың өзі  елдегі еңбекақы өсімі мен инфляцияның арасында жағымсыз айырмашылық бар екенін жоққа шығармайды. Былтыр теңгенің долларға шаққандағы бағамы 381,2 теңгемен аяқталса, биыл 420 теңгенің айналасында тұр. 

Шекаралардың жабылып, алыс-берістің азаюы отандық өндірушілерге демеу болады деген гипотеза жалған болып шыққан сыңайлы. 11 айда экспорт көлемі 39 219,1 млн доллар болған. Ал 2019 жылды  58 065,6 млн доллармен түйіндеппіз. Ең қызығы, шекарадағы шектеулер экспортқа қарағанда импортқа айтарлықтай кедергі болмапты. 2019 жылы оның көлемі 39 709,3 млн доллар болса, биылғы 11 айда 31 257,3 2 млн долларға ғана қысқарған. Осының салдарынан сауда балансындағы оң сальдо мөлшері екі есеге жуық төмендеген. 2019 жылы 18 356,3 млн долар болса, биыл 7 961,8 млн доллар болған.

Есжан Ботақара
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу