Парламенттің төменгі палатасында "Масс-медиа туралы" заң жобасы талқыға түсті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев мемлекеттік тілдегі контент мәселесін көтерді
"Өткен аптада аталған заң жобасы Алматыда талқыға түсті. Сол кезде тілге қатысты мәселе айтылды. Осы заңда қазақ тілінде әуендерді көбірек қою туралы талап бар екен. Еліміздегі бір радионың директоры "қазақ тіліндегі әндердің сапасы біздің критерийге сәйкес келмейді, өйткені тыңдармандарымыздың талғамы бар" деген сөз айтты. Қоғам қатты ашуланды. Қазақ әнін тыңдайтындардың талғамы жоқ па деген сұрақ туды. Екінші тағы бір БАҚ өкілі "біз контентті қазақ тіліне аударатын болсақ, рейтинтгтен айырылып қаламыз" деген сөз айтты. Меніңше, мұның бәрі қазақ тіліне жасалған қастаңдық секілді көрінеді. Неге десек, телеарнада да, интернетте де контент жасайтын адам ретінде айтайын, Қазақстанда жақсы рейтинг, көрілім, аудитория тапқың келе ме, қазақ тілінде материал жасау міндетті", - деді халық қалаулысы.
Ал депутат Жигули Дайрабаев БАҚ-та еңбек адамын дәріптеуді ұсынды.
"Әртүрлі сайқамазақ бағдарламаларды телевидениеден алыстату керек. Бұл біздің қазақи салт-дәстүрге жат. Сондықтан бізде батылдық болу керек. Содан кейін ұлттық салт-дәстүрлер дәріптеліп, еңбек адамының өмірі туралы көп айту керек. Мәселен, қарапайым еңбек адамын дәріптесеңіздер. Содан кейін әлеуметтік желілерде негатив көп жазылады. Қаралау, жамандау, жүргізіліп жатқан дұрыс саясатты бұрмалау, халықты бір-біріне арандату – осындайларға қатты шара қолдану керек", - деді халық қалаулысы.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева "еңбек адамы мен ұжымдарын әрі қарай насихаттап, ролик, бағдаралма, телесериалдар жасауға дайын" екенін білдірді.