Депутат Тіл басқармаларының жабылуына қарсы шықты

1869

Депутат тілдерді дамыту орталықтарының дербес жұмыс істеуін сұрады.  

Депутат Тіл басқармаларының жабылуына қарсы шықты

ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Фахриддин Қаратаев мәжілістің жалпы отырысында ҚР премьер-министрі Асқар Маминге қазақ тілі мәселесі бойынша депутаттық сауал жолдады. Депутаттық сауылында халық қалаулысы елімізде тіл орталықтарының қысқарып жатқандығына қынжылыс білдірді.

"Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің "2025 жылға дейін барлық қазақстандықтардың 95%-ы мемлекеттік тілді меңгереді" деген міндетін жүзеге асыру үшін, тілдік құрылымдарды сақтауға тиіспіз. Қазақстан Республикасындағы тіл туралы заң мен мемлекеттік бағдарламалардың міндеттерін іске асыру үшін облыстық және республикалық дәрежедегі әкімдіктерде тілдерді дамыту басқармалары және соларға қарасты тілдерді оқыту орталықтары құрылған болатын. Алайда, қазір тілдерді дамыту басқармалары өзге басқармаларға қосылып, тілдерді оқыту орталықтары жабылып, мемлекеттік емес секторға өтіп жатыр", – деді депутат.

Фахриддин Қаратаев депутаттық сауалында сөзін нақты мысалмен бекітті: "Ақмола, Қызылорда облысы тіл басқармасы ішкі саясат басқармасының құрамына енгізілген. Нұр-Сұлтан қаласында тілдерді дамыту мен архив ісі басқармалары біріктірілген. Павлодар және Маңғыстау облыстарында тіпті мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармалары қосылып кеткен. Алматы қаласында тіл басқармасы мүлде жойылып, қазіргі кезде қала аппаратында бірнеше маман ғана жұмыс істейді. Сондай-ақ, Атырау, Түркістан облыстарында, Шымкент қаласында тіл басқармалары мүлдем жоқ. Латын әліпбиі қазақтілді ортаға енгізіледі десек, онда бұл өңірлерде тілдік реформаны жүзеге асыру үлкен кедергіге ұшырайды. Тіл орталықтарында жағдай осындай".

Сондай-ақ, депутат тіл басқармалары мен орталықтарының Президент Жолдауын орындаудағы маңыздылығын атап айтты.

"Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында "қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін" деген болатын. Мемлекеттік тілдің барша қазақстандықтардың ортақ тіліне айналуында тіл басқармалары мен орталықтары шешуші рөлге ие болып еді. Оларды жабу – қаржылық жағынан да ақталатын қадам емес. Президент Жолдауында "тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн" деді. Президент Жолдауындағы тіл мәселесіне қатысты "бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек" деген міндетін қалай орындамақпыз? Тіл саясатын жүзеге асыратын арнайы құрылымдар болмаса, нағыз даңғаза сол кезде болмай ма? Президент сөзіндегі "жұмыла жұмыс жүргізетін" тіл басқармалары мен тіл орталықтары емес пе?", – деп сұрады депутат.

Мәжіліс депутаты Фахриддин Қаратаев Премьер-Министрден мәселенің өзектілігін ескеріп, мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған жұмыстарды жүргізетін тілдерді дамыту басқармалары мен тілдерді оқыту орталықтарының дербес жұмыс жасауын қамтамасыз ету үшін тиісті шара қолдануын сұрады.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу