Астанадағы "Kinoplexx Sary Arka" кинотеатрында толықметрлі анимациялық "Мұзбалақ" фильмінің ресми тұсаукесері өтті, деп хабарлайды "Қазақфильм" баспасөз қызметі.
Фильмнің авторлары режиссер-аниматор – Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазы.
Мультфильмнің тұсаукесерінде түсірілім тобы, кинематографиялық қауым және ата-аналарымен келген кішкентай көрермендер болды. Кейіпкерлердің іс-әрекетіне қызыға қарап отырған көрермендер көрсетілім соңында фильм авторларын ду қол шапалақтап қарсы алды.
Екі жарым жыл көлемінде жасалған бұл фильмде 40-қа жуық кинематографияның осы жанрында еңбек етіп жүрген отандық мамандар істеген. Ұзақтығы 65 минут құрайтын мультфильм 2D және 3D форматында жасалған және әр секундында 24-25 кадр сурет салынған. Кейіпкерлерді дыбыстауға Ержан Жарылқасынұлы, Жанат Тыныбаев, Самат Қордабай, Төлебаев Ерғали Дүйсенұлы, Алма Әділқызы есімді театр және кино актерлері қатысқан. Ал фильмге жазылған саундтректің авторы танымал әнші әрі композитор – Ұшқын Жамалбек.
Естеріңізге сала кетейік, "Мұзбалақ" мультфильмі отандық прокатқа 2018 жылдың 18 қазанынан бастап шығады. Адам мен бүркіттің достығы туралы баяндайтын картинаны ҚР мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы шығарған.