Еріктілер жылында елімізге еріктілердің көмегі тап осы шақта қатты қажет. Өйткені қазір қайсыбір өңірде болмасын дәрігерлер тұрғындардың қолғабысына зәру болып отыр. Мәселен, Қызылордадағы ауруханаларға оттегі баллонын көтеріп, таситын ер жігіттер жетіспей тұр.
Қазір Қызылордадағы оттегі шығаратын жалғыз зауытта қарбалас тіршілік. Мұндағы жұмыстың ең ауыры оттегі толған баллондарды жүк көліктеріне тиеу. Өйткені бұл баллондардың салмағы 70-75 киллограмға дейін жуықтайды. Сондықтан зауыттағылар оттегі толтырылған баллондарға сұраныстың көптігіне байланысты қазір тұрғындардың көмегі аса қажет екенін айтады.
"Бір сменде 4 баладан жұмыс істейді. Олар күніне 250-300 баллон тиеп, түсіреді, тасымалдайды. Есептесеңіздер әрқайсысының күші пәленбай тоннаға шығып кетеді. Бұл жұмыстар жігіттерге ауыр тиіп жатыр. Сондықтан бізге еріктілердің көмегі аса қажет болып тұр",– дейді "Бугел-Қызылорда" ЖШС өкілі Бағдат Байекенов.
Індет ушыққалы жұмыстары бірнеше еселенген зауыт басшылары ауыр баллондарды тасуға аз болса да өз еркімен келіп жатқан жандар бар дейді. Ал осы зауыттан көліктерге тиелген баллондар облыстағы барлық ауруханалар жөнелтіліп жатыр. Бүгінде оттегі толған ауыр құтыларды ауруханалардың палаталарына тасып жүргендер де ерікті жандар.
Ал Қызылорда қаласының әкімдігі пандемия кезінде жедел жәрдем тапшылығы туындамас үшін өз үлестерін қосып жатыр.
Бүгінде жедел жәрдем станциялар алдында Қызылорда қаласының әкімдігіне тиесілі қызметтік көліктер саптай тізіліп тұр. Олар дәрігерлерді дер уақытында шақырылған жерлерге жеткізу үшін, науқастарды тасымалдау қызметіне жұмылдырылған. Бұған дейін әкімдіктің шенділерін тасыған автокөліктер осылайша қайырымдылық қызметте жүр. Қаладағы емдеу ұйымдарына қала әкімдігінің 30-ға жуық көлігі арнайы бөлінген.
"Кенттер және ауылдық округ әкімдерінің, қалалық дербес бөлімінің басшылары өздерінің қызметтік көліктерін медициналық бақылау ұйымдарына ұсынды. Ал өздері жеке немесе қоғамдық көлікпен, жақын тұратындары жаяу келіп жүр", – дейді Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов.
Әкімдер жаяу қалғанымен, бұл бастама тұрғындар игілігі үшін жасалып жатқанын айтады әкім орынбасары. Тіпті пандемия аяқталғанша медициналық орталықтарға жүргізушілерімен бірге берілген көліктің шығынын да әкімдік өздері өтеуде екен. Дегенмен, сан-салада жүрген еріктілердің көмегі баллон тасымалына басты зәрулік болып тұр.
Нұрбек Дәуренбеков