Елбасы Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының отырысына қатысты

1578

Нұрсұлтан отырысқа қатысушыларды биылғы 10-12 қазанда Астанада өтетін Трансшекаралық су ағынын және халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі БҰҰ конвенциясына мүше тараптар кеңесінің сегізінші сессиясына шақырды.

Елбасы Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының отырысына қатысты

Нұрсұлтан Назарбаев Арал теңізі мен Арал маңы бассейнінің мәселелерін шешуге бағытталған жұмыстарға тоқталды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

"Аралды құтқару қоры халықаралық деңгейде белсенді жұмыс істеуде. Соның нәтижесінде Арал өңіріне әлемдік қоғамдастық пен халықаралық қаржы институттары тарапынан айтарлықтай көмек көрсетіліп келеді. Қор БҰҰ Бас Ассамблеясы жанындағы бақылаушы мәртебесіне ие болды", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Орталық Азиядағы трансшекаралық су ресурстары өңірдегі халықтың ортақ игілігі екенін еске салған елбасы осы аймақтағы мемлекеттердің тиімді шешімдер іздестіріп, оңтайлы идеялар мен нақты жобалар ұсынып жатқанын айтты.

"Түрікменстанның бастамасы бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының деңгейінде Арал бассейні елдеріне арналған БҰҰ-ның Арнайы бағдарламасын қабылдау мәселесі қарастырылуда. Тәжікстанның ұсынысы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясы 2018 жылдан бастап "Су орнықты даму үшін" атты халықаралық іс-қимылдар онжылдығын жариялады. Өзбекстан биылғы маусым айында Ташкентте Орталық Азияның халықаралық экологиялық форумын жоғары деңгейде өткізді. Қырғызстанның бастамасы бойынша БҰҰ құрылымдарының қолдауымен "Шу және Талас өзендерінің бассейндеріне арналған іс-қимылдардың стратегиялық бағдарламасы" әзірленді", – деді мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның да бұл бағытта белсенді жұмыс атқарып жатқанын айтып, отырысқа қатысушыларды биылғы 10-12 қазанда Астанада өтетін Трансшекаралық су ағынын және халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі БҰҰ конвенциясына мүше тараптар кеңесінің Сегізінші сессиясына шақырды.

"Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау" ауқымды жобасын жүзеге асыру нәтижесінде Сырдария өзенінің төменгі саласындағы экологиялық жағдай жақсарды. Солтүстік Арал қалпына келіп, онда судың деңгейі 2010 жылдан бері тұрақты түрде 42 метрлік көрсеткішті ұстап тұр, судың тұздылығы төмендеді, теңіздің қоректік базасы, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі қалпына келіп жатыр. Арал теңізінің қазақстандық бөлігіндегі микроклимат пен әлеуметтік жағдай жақсарды. Балық өңдейтін бірқатар кәсіпорын ашылып, олардың өнімі шетелге экспортталуда", – деді мемлекет басшысы.

Елбасы Қазақстан тарапы ұсынған шараларға арнайы тоқталды.

"Қордың қазіргі институттарының негізінде Халықаралық Аралды құтқару қорының ұйымдастырушылық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру қажет. Арал теңізі бассейнінің су ресурстарын басқару жүйесін автоматтандырудың, бөлудің, есепке алудың, мониторинг жасаудың, соның ішінде олардың сапасын жақсартудың уақыты келді. Қазіргі жағдайда Орталық Азияның халықаралық су-энергетикалық консорциумын құру мәселесіне оралудың маңызы зор. Халықаралық Аралды құтқару қорының Атқарушы комитетін елдеріміздің біріне тұрақты орналастыру мәселесін қарастыру керек", – деді Қазақстан Президенті.

Аралды құтқару қоры, трансшекаралық су ресурстары, халықаралық көлдерді қорғау

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу