Елімізде әрбір үшінші отбасы бар-жоғы 4 жыл отасып, ажырасып кетеді екен

541

Қоғамдағы мұндай тенденцияны Қазақстандық қоғамдық даму институты әлеуметтанушылары анықтап, ажырасу мәселесіне үлкен талдама жасады.

Елімізде әрбір үшінші отбасы бар-жоғы 4 жыл отасып, ажырасып кетеді екен Фото: Freepik

Жуырда жарияланған Ұлттық бюро деректеріне сүйенсек, елімізде әрбір үшінші отбасының бар-жоғы 4 жыл ғана отасып, кейін айырылысып кетіп жатады екен. Отбасы бұзылу дерегі көбейгеніне қарамастан, халық арасында ажырасуға деген пікір әлі де болса біржақты, теріс көзқарас басым.

Алынған мәліметтерге корреляциялық талдау көбінде ажырасуға теріс көзқарасты ауылды мекендерде тұратын (60,2%), егде жастағы (66,5%), зейнеткер респонденттер (68,3%) екенін көрсетті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Ұлттық бюро дерегіне сүйенсек, 2023-жылы АХАЖ органдары Қазақстан Республикасында 120,8 мың некені тіркеген (бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,9%-ға аз), оларлың арасында ажырасқан отбасылар саны 40,2 мыңды құраған. Ал неке ұзақтығын қарар болсақ, отбасылардың 34,9%-ының ғұмыры 4 жылға да жетпейді, демек, әрбір 3-ші жанұя белгілі бір себептермен ажырасуда.

Бұдан басқа, елімізде жарты миллионға жуық жалғыз басты ата-ана бар. Қазір үйлене салып, ажырасып жатқандарға таң қалмайтын болғанбыз. Алайда қоғамның ішкі-сыртқы мәселесін еш бүкпесіз зерделейтін әлеуметтанушылар мүлдем басқа пайым жасап отыр.

"Некелесу, ата-ана болу, ажырасу – терең талдауды қажет ететін құбылыстар. Бірақ, әлеуметтанушы мамандарды қызықтыратын аспектілердің бірі – қоғамның осы құбылыстарға деген көзқарасы. Мәселен, Қазақстандық қоғамдық даму институты 2024-жылы өткізген "Берекелі отбасының қалыптасуына әсер ететін факторлар" атты әлеуметтанулық зерттеуіне сәйкес, қоғамда әлі де ажырасуға деген теріс көзқарас бар" - дейді, әлеуметтанушы Темірлан Төлеу.

Жаппай сауалнама әдісімен өткізілген зерттеу нәтижелерінде сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың жартысы "Сіз ажырасуға қалай қарайсыз?" деген сұраққа теріс көзқарас білдірген. Оның ішінде сұраққа ұсынылған 6 жауап нұсқасынан сауалнамаға қатысқандардың 35,7%-ы "Толығымен теріс, меніңше ажырасуға жол беруге болмайды" деп жауап берсе, респонденттердің 20,5%-ы "Теріс деуге болады, бірақ кейде ажырасу отбасындағы тұрақты кикілжің мен түсініспеушіліктен жақсы" - деп жауап берген.

"Сіз ажырасуға қалай қарайсыз?", сұрағының жауаптарын бөлу. Сауалнамаға қатысқандардың тек үштен бірі (35,1%) ажырасуға бейтарап көқараста, оны әркімнің жеке ісі деп санайды. Қазақстандықтардың бар болғаны 6,5%-ы ажырасуға оң көзқарасын білдірген.

Алынған мәліметтерге корреляциялық талдау көбіне ажырусаға теріс көзқарасты адамдардың ауылды мекендерде тұратынын (60,2%), егде жастағы (66,5%), зейнеткер респонденттер (68,3%) екенін көрсетті.

Гендерлік тұрғыдан қарар болсақ, сауалнамаға қатысқан ер адамдар (57,9%) сауалнамаға қатысқан әйел адамдарға (54,5%) қарағанда ажырасуға теріс көзқарасты жиірек білдіреді.

"Корреляция талдауы көрсеткендей, көбіне ауылда тұратын егде жастағы немесе ер адамдардың ажырасуға теріс қарайтынын аңғардық. Бұл біздің қоғамда ажырасу әлі де ұлттық дәстүрге жат құбылыс ретінде қабылданатынын көрсетеді. Оның себебі, глобалды түрде алғанда, ауылдық елді мекенде дәстүрлердің сақталу тәртібі қатал – бұл әлеуметтік заңдылық. Бұдан өзге, мәдениетімізде не болса да шыдау керек, көну керек, кез келген жағдайда бітімге келу керек, "ұят болады" деген ұғым әлі де өзекті екенін байқауға болады. Аталмыш тенденция – біздің қоғам әлі де патриархалды екенінің айқын көрінісі", – деп түсіндірді әлеуметтанушы.

Темірлан Төлеудің айтуынша, маңызды ескеретін жайт – ажырасуды қалыпты құбылыс ретінде қабылдау респонденттің отбасылық жағдайына да байланысты болатыны анықталған.

Көбіне ажырасуға деген оң көзқарас жауап парағында өзін "Ажырасқан" деп белгілегендер арасында тіркелді (17,4% "Оң деуге болады" және "толығымен оң" жауаптарының жиынтығы), сондай-ақ тіркелмеген некеде тұратындар (9,2%) мен үйленбегендер (9,1%) арасында да кездеседі.

Сауалнама нәтижелері бойынша ажырасуды негіздей алатын алғашқы үш басты себеп анықталды. Респонденттердің жартысы (51,1%), егер отбасында зорлық-зомбылық орын алса, яғни ерлі-зайыптылардың бірі екіншісіне қол көтерсе немесе балаларды ұрса ажырасуға болатын №1 себеп деп санайды. Екінші орында ажырасудың екі бірдей себебі орналасты. Олар – некедегі опасыздық (46,5%) және ерлі-зайыптылардың бірінің ішімдік пен есірткіге тәуелділігі (46,2%). Үшінші кезекте – ерлі-зайыптылардың бірінің ойындарға құмарпаздығы (37,9%). (1-кесте) Сауалнамаға қатысқандардың 14,2%-ы ешқандай себеп ажырасуға негіз бола алмайды деп санайды.

 "Сіздің ойыңызша, ажырасуды қандай себеп ақтай алады?", сұрағының жауаптарын бөлу.

  • Отбасындағы зорлық-зомбылық (жұбайын/зайыбын немесе балаларын ұрады) - 51,1.
  • Некедегі опасыздық - 46,5.
  • Ерлі-зайыптылардың біреуінің ішімдікке, нашақорлыққа салынуы - 46,2.
  • Ерлі-зайыптылардың бірінің құмар ойынға салынуы - 37,9.
  • Ерлі-зайыптылардың бірінің дәстүрлі емес жыныстық бағдары - 24,9.
  • Махаббаттың болмауы, түсінбеушілік - 24,0.
  • Жұбайын құрметтемеу - 21,9.
  • Балалардың болмауы - 11,0.
  • Күйеуінің/әйелінің ата-анасының араласуы - 10,4.
  • Жолдасының/жұбайының ата-анасын құрметтемеуі - 9,9.
  • Дінге оның ішінде дәстүрлі емес дінге деген құштарлық - 8,3.
  • Ерлі-зайыптылардың біреуінде жұмыс болмауы - 7,0.
  • Ата анасымен басқа туыстарымен бірге тұру - 5,6.
  • Ерлі-зайыптылардың біреуінің ауыр науқасы - 4,8.
  • Ұлдарының болмауы, қыздары ғана бар - 2,7.
  • Ажырасуды ешнәрсе ақтай алмайды - 14,2.
  • Басқа (ажырасу әркімнің жеке мәселесі, ортақ мүдденің болмауы, бір-бірін түсінбеу, кейіпкерлердің үйлесімсіздігі, бір-бірінен шаршау, ақша тапшылығы, қаржылық мәселелер) - 0,8.
  • Жауап беруге қиналамын - 6,0.

* Жауаптардың жиынтығы 100%-ға тең емес, яғни респонденттер жауаптардың кез келген санын таңдай алады

Жас топтары бойынша нәтиже респонденттердің жасы неғұрлым үлкен болса, ажырасуды ешқандай себеп ақтай алмайды деген сенім соғұрлым жоғары болатынын көрсетті. Яғни, аға буын өкілдері (16,5%) ажырасуға қарсы деуге болады.

"Мұның барлығы мәдениетіміз әлі де терең транформацияда екенінің тағы бір дәлелі, яғни, салт-дәстүр бүгінгі күннің бейініне, өмір ырғағына, қалалық өмірге адаптация кезеңінде. Жалпы алғанда, осы мәселеде жастар мен аға буынның көзқарасы арасындағы айырмашылық біраз байқалады. Мысалы, бұрындары күнделікті өмірде физикалық жиі көмек керек болғандықтан, қара шаңырақтан аттамай, ата-енемен бір үйде тұру қалыпты жағдай болса, қазір сервистер мен технологиялардың дамуына байланысты оның қажеттілігі жоқ есебінде.

Дегенмен мәдени тұрғыдан алғанда, "Салтты сақтау керек пе, әлде бас тартқан абзал ма?" деген дискуссиялық сұрақ баршылық. Үлкендер ажырасуға келгенде де сол дәстүрлі ұстанымнан аттамауға тырысатыны белгілі. Жоғарыда атап өткендей, біз әлі де патриархалдығы және геринтократиялығы сезілетін қоғамда өмір сүріп келеміз. Оған қоса жаһандану кезіңінде салт-дәстүрлердің әлсіреуінен, ұлттық бірегейлікті жоғалтудан қорқу – қоғам үшін заңды құбылыс, әсіресе аға буын тарапының уайымы түсінікті.

Дегенмен қоғам – тірі организм және тенденциялар ұдайы өзгерісте болатыны айтпаса да, түсінікті. Әлемдегі өзгерістердің Қазақстанды айналып өтпесі анық.

Зерттеушілер аталған тенденцияларды сол кездегі әлеуметтік-экономикалық жағдайлармен байланыстыруда. Олар – жаһандық қаржы дағдарысы, тұрғын үй құнының жаппай өсуі, жұмыссыздық мәселесінің өршуі және тағы басқа мәселелер. Бұдан өзге, жас ұрпақ аға буында болған – ұнатпайтын адаммен некеде тұру, тұрмыстық зорлық-зомбылық, өзі қаламайтын мамандық бойынша оқу және сол мамандық бойынша жұмыс істеу сияқты жағымсыз тәжірибелерді қайтамалауға барынша тырысады", - деп түйіндеді маман.

Сонымен қатар, елдегі отбасындағы зорлық-зомбылықпен күрес заңының күшеюі, әйелдер құқығының бірте-бірте қалыпқа келуі, психологиялық танымның артуы да ажырасу фактісіне өз әсерін тигізбей қоймайды. Өйткені жанұя санының көптігі олардың міндетті түрде бақытты некеде өмір сүріп жатқандығын білдірмейді. Десек те, әлеуметтанушы маман "ажырасудың – жастар арасында кездесетін қиындықтар мен проблемалардың жалғыз шешімі емес екенін, сондай-ақ, отбасылық өмірге аяқ басуға ешқашан кедергі болмауы керек" екенін ескертеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу