Ал, былтыр ауланған 247 мың итті асырауға қанша қаржы жұмсалуы мүмкін?
Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев қоғамда қаңғыбас иттерге қатысты пікірдің сан түрлі екенін айтып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
– Депутаттар бұралқы иттерді аулап, ортасына қайтармауды ұсынып отыр, ал қазіргі заңға сәйкес иттерді аулайды, зарарсыздандырады, вакцина егіп, қайта ортасына жібереді. Елордадан өзге өңірлерде осы принциппен жұмыс істеп жатыр. Заңдағы жаңашылдық қаңғыбас итті аулап, 14 күн ұстау, сол уақыт аралығында иесі немесе панажай табылмаса итті жою, ал өлексені жою ветеринарлық-санитарлық тәртіп бойынша жүзеге асырылады, – дейді вице-министр.
Десе де, қоғамда "қаңғыбас иттерді аулап, оларды өмір бойы бағу керек" деген ұсыныс та айтылады екен. Ал, Нұркен Шәрбиевтің мәліметінше, былтыр ауланған 250 мыңға жуық итті "бағып-қағуға" 400 миллиард теңге қажет.
– 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап үй жануарларын иелері тіркеп, чиптеу нормасын енгізуі керек. Егер тіркелген, иесі бар итті аулаған жағдайда, оны 60 күн бойы ұстайды және иесіне алып кетуін хабарлайды. Еуропа мен басқа да елдерде осы тәсіл қолданылады. Өткен жылы ел бойынша 247 мың ит ауланды. Егер ауланған иттерді табиғи жолмен өлгенше асырау керек болса, оларды зарарсыздандыруға, вакциналау және тіркеуге шамамен 20 млрд теңге қажет. Облыстар ұсынған статистикаға сәйкес бір итті асырауға күніне 5 000 теңге жұмсалады, ал былтыр ауланған 247 мың итті асырауға 400 млрд теңгенің көлемінде қаржы қажет етеді, – дейді ол.