Елімізде дактилоскопиялық және геномдық тіркеуден өтетіндер анықталды

1585

Елімізде дактилоскопиялық және геномдық тіркеуден өтетіндер анықталды

ҚР Ішкі істер министрі Қалмұxамбет Қасымов Үкімет отырысында "Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы" ҚР заңының жобасын таныстырды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат".

"Заң жобасында дактилоскопиялық және геномдық тіркеуге алынатын тұлғалар анықталды. Сонымен қатар ол ақпараттарды жинаумен, есеп берумен және сақтаумен айналысатын жауапты мемлекеттік органдар белгілі болды. Дактилоскопиялық тіркеу Қазақстан азаматтарының төлқұжаттарын жеке құжаттарды рәсімдеу кезінде өтетін болады. 12-16 жастағы балаларға оның келісімімен ғана жасалады. 12 жасқа толмаған балалар тіркеуден өткізілмейді. Шетелдіктерден Қазақстан заңдарын бұзған және елден шығарылуға жататын тұлғалар міндетті дактилоскопиялық тіркеуден өтуі тиіс болады. Сонымен бірге шетелдіктер виза алу кезінде де аталмыш тіркеуден өтеді. Бұл олардың тұлғасын шекарадан өту кезінде анықтау үшін қолданылады. Дактилоскопиялық тіркеуден босқындар, мигранттар мен тұрақты тұрғылықты жерге ыxтиярxат берген (вид на жительство) шетелдіктер өтуі міндеттеледі", – деді министр.

Оның сөзінше, саусақ таңбаларын жинау ішкі істер органдарының міндеті болмақ. Виза беру кезінде бұл міндет Сыртқы істер министрлігінің шетелдік бөлімдеріне жүктеледі. Барлық ақпарат электронды құпия түрде бір ақпараттық базада сақталады. Дактилоскопиялық ақпараттарды қашан және қандай жағдайларда қолданылатыны заңмен нақты бекітілген.

"Міндетті геномдық тіркеуден жекелеген қылмыстар бойынша сотталған азаматтар өтеді. Тергеу кезінде алынған белгісіз адамның немесе тұлғасы анықталмаған мүрденің биологиялық материалдары да тіркеуге жатады. Геномдық ақпараттарды ішкі істер органдары Әділет министрлігінің сот-медициналық сараптамасы органдарының көмегімен жинайды", – деді Қ. Қасымов.

Министрдің айтуынша, заң жобасының қабылдануы тұлғаны нақты әрі жылдам анықтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау дәрежесін жоғарылатуға, мемлекет пен қоғам мүддесін жаңа сапада қорғауға, миграциялық ағынға бақылау жүргізуге ықпал жасайды.

Заң жобасы жақын уақыттары ҚР Парламенті Мәжілісіне жолданады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу