Өткен жылғы қаңтар-желтоқсан айларында айырбастау пункттеріндегі доллар, еуро және рубльдердің нетто-сату көлемі 2,4 трлн теңгені құрады. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,4%-ға аз, деп жазады inbusiness.kz ranking.kz порталына сілтеме жасап.
Айырбастау орындарында шетел валютасының таза сатылымының 1,8 трлн теңгеден астамы долларға тиесілі. Десек те, 2021 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда сату көлемі 10,1%-ға азайған. Одан кейінгі орында еуро орналасқан, оның сату көлемі 7,4%-ға, 301,9 млрд теңгеге дейін төмендеді. Рубльдің де таза сатылым көлемі 2,7 есеге, 281 млрд теңгеге дейін қысқарды.
Республика бойынша айырбастау пункттерінде доллардың нетто-сату көлемінің жартысынан астамы Алматы мен Шымкентте тіркелді. Бұл ретте Алматыда таза сатылым көлемі бір жылда 35,5%-ға ұлғайып, 712,1 млрд теңгеге жеткен. Ал, Шымкентте 2 есеге жуық азайып, 297,2 млрд теңгені құрады.
Доллардың нетто-сатылымының айтарлықтай көлемі Астана (103,5 млрд теңге), Атырау (102,2 млрд теңге) және Маңғыстау (101,9 млрд теңге) облыстарына да тиесілі.
Айырбастау орындарында еуроның таза сатылымының жартысынан көбі Алматы (96,7 млрд теңге), Астана (41,3 млрд теңге) және Шымкент (34,4 млрд теңге) қалаларында тіркелді. Көрсетілген кезеңде еуроға айтарлықтай сұраныс БҚО-да байқалды.
Былтыр рубльге сұраныс 2021 жылмен салыстырғанда республиканың барлық өңірінде төмендеді. Сату көлемінің өсуі Атырау облысында ғана тіркелді: +36,7%, 13,2 млрд теңгеге дейін.
Айырбастау орындарында рубльдің таза сатылымының көлемі бойынша Шығыс Қазақстан мен Абай облыстары көш бастады: 41,2 млрд теңге. Одан кейінгі орындарда Астана қаласы (38,6 млрд теңге), Қарағанды және Ұлытау облыстары (жалпы 30,2 млрд теңге) орналасқан.