Елімізде түркі әлемінің биология конгресі өтті

508

Шараға Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Грекия, Жапония, Үндістан сынды жалпы саны 24 елден 150-ден астам ғалым қатысты.  

Елімізде түркі әлемінің биология конгресі өтті Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі

Ахмет Ясауи университетінде офлайн және онлайн форматта I Халықаралық түркі әлемі биология конгресі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Шараға Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Грекия, Жапония, Үндістан сынды жалпы саны 24 елден 150-ден астам ғалым қатысты.

Биыл алғаш рет ұйымдастырылған конгреске "Қазіргі ғылымдағы инновациялық тәсілдер: биоалуантүрлілік және өсімдіктер генофондын сақтаудың өзекті мәселелері" атты негізгі тақырып арқау болды. Ал алдағы уақытта биология саласындағы өзекті мәселелер талқыланатын халықаралық жиынды дәстүрлі түрде ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Алғашқы конгрестің ашылу салтанында сөз алған университет ректоры Жанар Темірбекова оқу орны құрылғаннан бері түркі әлеміндегі жан-жақты мәселелерді зерттеу және талқылау мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізіп келе жатқанын атап өтті.

"Соның ішінде, Биология конгресінің алғаш рет университетімізде өтуі – үлкен қуаныш! 24 елдің ғалымдары, 20-дан астам секция – мұның барлығы оңай жұмыс емес. Бұл – ұйымдастырушылық қабілет пен университеттің ғылыми потенциалының тағы да бір дәлелі. Биология кафедрасында жыл санап студенттер саны да арта түсуде. Оның басты себебі – биология мамандарын дайындауда қарқынды жұмыстар жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда университетімізде Жаратылыстану факультетінің профессор-оқытушылар жетекшілігімен, Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен ауқымды 5 жоба жүргізілуде. Министрлік оқу ордамызға маңызды қолдау көрсетіп жатыр", - деді ректор.

Екі күнге созылған конгресс жұмысында қазіргі биология және биотехнология мәселелері мен болашағы; құрылымдық ботаника, микрология және микробиология ғылымының мәселелері; ғылыми зерттеулер мен биологиялық білім берудің инновациялық технологиялары; биоалуантүрлілікті қорғауда ерекше қорғалатын табиғи аймақтың рөлі; Қазақстанның биология саласы зерттеулерінің қазіргі жағдайы және т.б. мәселелер ғалымдардың талқысына түсті.

Халықаралық жиында биология саласындағы бірлескен жобаларды одан әрі зерттеу және жүргізу жоспары нақтыланды. Іс-шара биология ғылымының дамуына айтарлықтай үлес қосып, әртүрлі елдердің ғалымдары арасында білім мен тәжірибе алмасуға ықпал етті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу