Бүгін барлық елде Дүниежүзілік инсультпен күрес күні атап өтіледі. Жыл сайын әлемде 15 миллионнан астам адам осы аурумен бетпе-бет келеді.
Соңғы он бес жыл бойы инсульт әлемдегі өлімнің басты себептерінің бірі болып қалып отыр. Ал біздің елімізде жыл сайын 40 мыңнан астам пациент инсульт алып, оның ішінде 5 мың адам алғашқы 10 күн ішінде қайтыс болады. Ал келесі айда 5 мың адам үйінде көз жұмады. Әр екінші адам мүгедек болады. Барлық қабылданған шараларға қарамастан, инсульт саны артып келеді және соңғы 20 жылда ол шамамен 3 есе өскен.
ҚР ДСМ статистикалық жинақтарындағы ресми деректерге қарасақ, ауырғандардың 53%-ы – ер адамдар, 47%-ы – әйелдер.
Бұл ауру тез жасарып барады. Аурудың 37%-ы 41-ден 60 жасқа дейінгі жас тобында байқалса, 31%-ы 61-ден 70 жасқа дейінгі жас аралығында, 28%-ы 71-ден асқан адамдарда тіркелген. Ал 4%-ы 16 мен 40 жасқа дейінгі адамдарда болған.
"Аурудың алдын алу өте маңызды және инсульт жағдайында да бұл өзекті. Дегенмен инсульттің өзгермейтін қауіп факторлары бар. Мысалы, тұқым қуалаушылық, жас және жыныс (ер адамдар инсультқа жиі ұшырайды). Алайда түрлендіруге болатын, яғни біз өз тарапымыздан өзгертуге тырысатын факторлар да бар. Оларға артериялық гипертензия (инсульттан болатын өлімнің кем дегенде 51%-ын құрайды), қант диабеті, гиперхолестеринемия, жүрек ырғағының бұзылуы, алкогольді мөлшерден артық пайдалану, темекі шегу, аз қимылды өмір салты, артық салмақ, жиі стресстер, сондай-ақ рационның ерекшеліктері және балансталмаған тамақтану жатады. Қазақстандықтардың қауіпті симптомдар туралы хабардар болуы да өзекті. Кеселдің алдын алу – басты шешім", – дейді Инсульт мәселелері жөніндегі республикалық үйлестіру орталығының бас маманы Зәуреш Ахметжанова.
Мамандар инсульттің алғашқы белгілері пайда болған сәттен бастап тек алғашқы көмекті дұрыс көрсету маңызды екенін айтады. Мынадай инсульттің белгілері мен алғашқы симптомдарын еске салады: әлсіздік, аяқ-қолдағы ыңғайсыздық, беттің, аяқтың әртүрлі бөліктерінде ұйып қалуы, сөйлеу және көру қабілетінің бұзылуы, бас айналуы және тепе-теңдіктің бұзылуы.
Инсульттан аман қалғандардың үштен бірінен астамында сөйлеуде айтарлықтай бұзылыстар байқалады. Сондықтан инсульт алған науқасты оңалту – ауру терапиясының маңызды буындарының бірі.