Елімізге белгілі жазушы, эколог Сайлаубай Жұбатырұлы осылай деп отыр.
Inbusiness.kz тілшісі су тақырыбын жан-жақты зерттеп жазып жүрген маманмен еліміздегі су тасқыны туралы, су қоймаларының жағдайы турасында әңгімелескен еді.
Ол су тасқыны бірқатар былықтың бетін айқара ашқанын айтып отыр. Оның сөзінше, дегдар табиғат бізбен санаспайды, қайта біз онымен әр сәт, әр жағдайда жарасым мен үйлесім амалдарын табуымыз керек.
- Жерімізге бұрқасындатып қар, селдетіп жауын жаумай жүрген жоқ. Ал мына болған істі, (су тасқынын айтады – ред.) білетіндер 80 жылда бір келген оқиға десе, енді бірі бұрын-соңды болмаған іске сайып жатыр. Бұл іспетті, табиғат тарапынан келер қауіпке қатысты қызметтер мен жауапты тұлғаларға сын да аз емес. Қисын реті солай: өзен-арналарға түскен құрылғылар – адам қолы мен адам жауапкершілігінің нысандары. Ал, екінші тұрғыдан, иен далада ноқтасыз-нобайсыз жөңкілген дүлейді кім қақпайлап, кім жөнге сала алар?!
Осы екі жайт арасынан еліміздің ендігі шаруашылық саясаты үшін біраз сұрақ туындап, көптеген міндет пен күрделі мәселелер алға шықты. Ақпарат кеңістігімізде пайда болған, ел көлемінде салынуы тиіс 20 су қоймасы, бүгін бар 15 су қоймасы құрылғыларын жөндеуден өткізу, гидротехникалық нысандарды мұқият бақылауға алу, жауын-шашын суларынан кемінде 2 ммллиард текше метр ылғал жинай алатын тоспалар дайындау, елімізде жылына 800 шамасында су маманын оқытып шығару ісіне басым мән беру – осы жайттардан жедел туындаған міндеттер, - деді ол.
Су тақырыбын көп жылдан бері қаузап келе жатқан маман су қоймалары жай қойма емес, су реттегіш бейінінде болуы керек деп есептейді. Шынында, көп қаржы жұмсалған кез келген нысанның қайтарымы болуы тиіс.
- Елімізде 11 аймақта салынуы жоспарланған 20 су қоймасының бірсыпырасы шағын өзендерге қатысты. Бұл қоймалардың көбі, кеше өткен жағдайлар шындығында, қойма емес, су реттегіш бейінінде болуы қажет сияқты. Қойма бәсең өзендердің тіршілік-тынысын біржолата кесіп тынуы мүмкін… (Бір қисынсыз жайт бүгін "Көксарай" су реттегіші басында бар – ол бүгін дария суын реттегіш емес, кәдімгі су қоймасы роліне "түсіп алды". Біз бұндай мүмкін "метаморфоза" нобайын осыдан оншақты жыл бұрын ескертіп айтқанбыз…). Қаражат салынып, шығынмен көтерілген қай нысаннан да қайтарым (окупемость, отдача) күтіледі, ол – шаруашылық шарты. Ал режімі кепілсіз, шағын өзендерге салынатын су реттегіштің экономикалық қайтарымы аз, әдеттегі жағдайларда онда көп су жиналмауы мүмкін; анығы, оның қайтарымы – кешегідей ерек жайттарда ел-жер қауіпсіздігі ғана болады, - деп сөзін жалғастырды ол.
Сайлаубай Жұбатырұлы Су ресурстары және ирригация министрлігін де нысанаға ала кетті. Ол су саясатында ашықтық болғанын қалайды.
- Жақында құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігі (СРжИМ) өз бағыт-бағдарлы жұмыстарында халық алдында мүмкін деген ашықтық саясатын ұстанса дұрыс болар еді. СРжИМ-нің өмірге келуінде сол халықтың табанды сұрауының да үлес нәтижесі бар. Су да қазақ үшін, ендігі, жер сияқты өмір мүддесіне айналған. Тағдырлы, маңызды бастамалардан ел хабардар-мағлұматты болса – сол оңды жағдай. Бұл – осы маңызды саладағы демократияның бір принципі. "Келісіп пішкен тон келте болмас!". Мысалы, осы күні "Бұзылық" су қоймасы деген мәлімет қабатында, "Есіл" су реттегіші деген сөз айтылып жүр. Ол қайсысы, не нысан? Елге осындай бастамалардың айқын мәліметтері керек-ақ, - дейді эколог.