Елордалық педагогтер "Қашықтан оқытуды үйренемін" онлайн-курсынан өтеді

2635

24-29 тамыз аралығында білім беру ұйымдарының барлық педагогтері "Назарбаев Зияткерлік мектептері", "Педагогикалық шеберлік орталығы" әзірлеген онлайн-курста білім алады.

Елордалық педагогтер "Қашықтан оқытуды үйренемін" онлайн-курсынан өтеді

Курста мұғалімдер қашықтан оқытудың ерекшеліктері мен түрлерін зерттеп, онлайн-сабақтардың оқу үрдісін жоспарлауды үйренеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

24-29 тамыз аралығында білім беру ұйымдарының барлық педагогтері "Назарбаев Зияткерлік мектептері", "Педагогикалық шеберлік орталығы" әзірлеген "Қашықтан оқытуды үйренемін" онлайн-курсында білім алады. Бұл туралы бүгін брифингте қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова хабарлады.

"Курс бес модульден тұрады: қашықтан оқыту ерекшеліктері, оқуға тарту, ақпараттық-техникалық құралдары, кәсіби ынтымақтастық, ата-аналарды педагогикалық қолдау. Курс ұзақтығы – 40 академиялық сағат, өткізу форматы – асинхронды. Бұл тыңдаушыларға өз бетінше өту уақыты мен қарқынын таңдауға мүмкіндік береді. Курстар "Stepik" білім беру платформасында өтеді", – деді Ш.Қадырова.

Онлайн-курстың әрбір тақырыбы мұғалімдердің өз бетінше зерделеуі үшін өзекті материалдар мен ресурстарды қамтиды. Педагогтер курстарда қашықтан оқытудың ерекшеліктері мен түрлерін зерттеп, онлайн-сабақтардың оқу үдерісін жоспарлауды, оқу жетістіктерін бағалауды ұйымдастыруды үйренеді.

Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласының білім беруді жаңғырту орталығы тамыз айының 1 және 2-ші аптасында "Цифрлық педагогика: оқыту және тәжірибе" тақырыбында онлайн-оқыту ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Онлайн оқыту кезінде 12 480 (100%) педагог қамтылады, оның ішінде мектепке дейінгі білім беру педагогтері – 2562, жалпы білім беру мектептері – 9036, ТжКБ мұғалімдері – 882.

"Майкрософт" компаниясының бірінші және жалғыз авторизацияланған серіктесі "Knowledge Engineering" компаниясымен бірге, платформа мүмкіндіктерін тиімді пайдалану бойынша білім беру ұйымдарының 5987 (47%) педагогіне вебинар өткізіледі. Вебинар "Білім беруге арналған интерактивті құралдар. Мұғалім білуі тиіс технологиялар" деген бағдарламалық модуль бойынша өтеді.

Педагогтер 4 тоқсаннан бастап қазіргі уақытқа дейін, Academia.kz педагогикалық шеберліктің виртуалды зертханасында білім жетілдіруде. Виртуалды зертханада педагогика, психология, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және т.б. мәселелер бойынша ең өзекті онлайн-курстар топтамасы ұсынылған.

Жаратылыстану-математикалық бағыттағы білім беру мектептерінің педагогтерін қолдау мақсатында "Мұғалімдердің онлайн Академиясы" жобасы іске асуда. Қаланың тәжірибелі мұғалімдері педагогтер үшін мектепішілік курстар өткізу арқылы әдістемелік көмек көрсетуде (мақсатты топтар құрылды). Сондай-ақ үздік педагогтердің тәжірибесін жинақтау арқылы жаңа әдістемесі бар педагог-зерттеушілер мен педагог-шеберлер зертханасын құру жоспарланған.

Білім беруді жаңғырту орталығы "Астаналық электронды мектеп" электронды платформасын әзірлеуде, онда қысқа мерзімді сабақ жоспарлары, бейне сабақтар мен сабақтар, білім беру цифрлық ресурстары орналастырылатын болады. Білім берудің барлық деңгейлеріндегі педагогтер үшін осы платформаға еркін кіру мүмкіндігі қарастырылған.

Маусым айынан бастап yardstream арқылы жүзеге асатын "Педагогикалық тәжірибе алаңы" ашық жұмыс істейді. Білім берудің барлық деңгейлеріндегі педагогтер әлеуметтік желілер мен ютуб арнасы арқылы кез келген уақытта елордалық мұғалімдердің тәжірибесімен таныса алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу