Кеше экстремизим мен терроризмнің алдын алуды ұйымдастыру мәселелері талқынған семинар-кеңесте Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мәдениеттер мен діндер халықаралық орталығының жетекшісі Айдар Абуов Астана және Алматы қалаларының кейбір мектептерінің 8 сынып оқушылары үшін "Қоғам мен дін" атты жаңа пәннің енгізілетінін мәлімдеді. Бұл туралы елорда әкімдігінің медиа орталығы хабарлайды.
Мәдениеттер мен діндер халықаралық орталығының жетекшісі Айдар Абуовтың мәліметінше, қазіргі таңда ҚР-ның жалпы білім беретін оқу орындарында 9 сынып оқушылары "Зайырлылық пен дінтанудың негіздері" атты пәні бойынша оқытылады. Алайда, бұл пәнді оқытудың бағдарламасында бірқатар олқылықтар бар екен.
"Бағдарлама сараланып, оның бірқатар кемшіліктері бар екені анықталды. ҚР БҒМ мен Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі бірлесіп, олқылықтарды ескере келе, "Қоғам мен дін" атты пән бойынша жаңа оқу бағдарламасын әзірлеуге кірісті. Ол талқылаулардан өткеннен кейін қанатқақты жоба ретінде Астана мен Алматы қалаларының кейбір мектептерінің бағдарламасына енгізіледі деп жоспарланды. "Қоғам мен дін" пәнінің оқыту бағдарламасы жетілдірілген тақырыптардан тұрады", - деді Айдар Абуов.
Айта кетейік, "Қоғам мен дін" оқулығы ағымдағы жылдың соңына дейін дайын болады деп күтілуде. Оқулық дайын болған соң Астана мен Алматы қалаларының кейбір мектептерінде 8 сынып оқушылары жаңа пән бойынша білім алмақ.