24 сәуірден бастап Ертіс өзенінде ресми түрде навигациялық кезең ашылады. Навигация екі бағытта – өзеннің жоғарғы жағында (Майтүбек – Павлодар қаласы аралығы) және төменгі бөлігінде (Павлодар – Төменгі Алексеевский, яғни Ресей шекарасына дейін) жүзеге асады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Павлодар облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының бас маманы Ернұр Еслау хабарлағандай, өзен үстіндегі тасымалды жүзеге асыратын барлық кемелер ресми түрде тіркеуден өтуі тиіс. Қазіргі таңда инспекцияда 102 су көлігі тіркелген. Оның 49-ы – өздігінен жүретін кемелер, ал қалғаны – баржалар (өздігінен жүрмейтін).
Жолаушылар тасымалдауға арналған небәрі 2 теплоход бар, олар көбіне өзен үстінде серуен ұйымдастыру үшін пайдаланылады. Қалған көліктер жүк тасымалына қызмет етеді.
Көбіне Павлодар портынан шыққан 1000 тонналық баржалар Ресейдің Омбы қаласына дейін құрылыс материалдарын – өзен құмы мен қиыршық тас апарады. Қайтар жолда Омбыдан кесілген ағаш тасиды. Ағыс бойымен жүру жеңіл болғандықтан, жол 5 күнге созылады. Ал кері бағытта – ағысқа қарсы жүру салдарынан жол ұзағырақ уақыт алады.
Су көліктерін тіркеу және ережелер
Қозғалтқышының қуаты 10 аттың күшінен асатын және салмағы 200 келіден жоғары кез келген су көлігі міндетті түрде тіркеуге алынуы тиіс. Облыс бойынша тіркелген шағын көлемді кемелердің саны – 1540. Бұл – үлкен кемелерден бөлек көрсеткіш.
Өзен көлігін басқаратын мамандар – кеме капитандары мен олардың көмекшілері, механиктер – кәсіби деңгейін үнемі жаңартып отыруы тиіс. Кеме капитаны бес жыл сайын аттестациядан өтеді. Ал қалған мамандар диплом арқылы біліктілігін дәлелдеуі қажет.
Алайда өңірде кеме капитандарының жетіспеушілігі байқалады. Қазіргі таңда Семейде мамандар даярланғанымен, олардың білімі орта кәсіби саналады. Сондықтан капитан болғысы келетін азаматтар Ресейде оқуға мәжбүр.
Су жолдарының қауіпсіздігі мен бақылау шаралары
Су жолдарының жағдайын "Қазақстан су жолдары" мекемесінің аймақтық бөлімшесі бақылайды. Олар кеме иелеріне арнайы су жолдарының карталарын ұсынады. Кемелер осы бағытты ұстанып, барлық белгіленген ережелерді сақтауы тиіс. Мысалы, Павлодар маңында зәкір тастауға тыйым салынған жерлер бар. Кейбір учаскелерде өзен ені тар болатындықтан, ерекше сақтық талап етіледі.
Су көліктерінің қайраңдап қалмауы үшін бекітілген ережелер мен су жолдарының картасына сай әрекет ету қажет. Ал су үстіндегі белгілердің дұрыстығын "Қазақстан су жолдары" мекемесі қадағалайды, ал инспекция бұл белгілердің талапқа сай орнатылғанын тексеріп отырады.
Жаз мезгілінде құқық қорғау органдарының қатысуымен су көліктеріне қатысты рейдтер жиі ұйымдастырылады. Инспекторлардың айтуынша, шағын көлемді кемелердегі жолаушылар көбіне құтқару желбегін кимейді. Ал үлкен кемелерде журналдарды дұрыс толтырмау, уақтылы аттестациядан өтпеу сияқты кемшіліктер кездеседі. Мұндай жағдайларда жауапты тұлғаларға айыппұл салынады.
Айта кетерлігі, кейде ресейлік кемелер Павлодар портына келіп, жүк түсіреді. Олар шекаралық бекет пен портта тиісті тексеруден өтеді. Соңғы жылдары Семейден де бір баржа тұрақты түрде келіп жүр.
Кеме жөндеу ісі жанданады
Павлодар қаласындағы жалғыз кеме жөндеу зауытын жеке кәсіпкер сатып алып, кәсіпорынды кеңейту жоспарланып отыр. Бұл бастама өңірдегі кеме инфрақұрылымының дамуына оң ықпал етуі мүмкін.